Ирандық IV геометрия олимпиадасы өтті

07.09.2017

Көрулер: 5855

Механика-математика факультетінде жаңа 2017/2018 оқу жылымен бірге кәсіби бағдарлау жұмыстары да басталып кетті. 7 қыркүйек күні Астана мен Алматы (біздің факультет негізінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қалаларында Ирандық IV геометрия олимпиадасы өткізілді.

Сайысқа қатысушыларды деканымыз, ф.-м.ғ.д., профессор М.Ә.Бектемесов зор ықыласпен қарсы алып, олимпиада тарихына қысқаша тоқталып, сайыстың басталуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Геометрия бойынша алғашқы ирандық Олимпиада 2014 жылы өткізілген еді. Олимпиада тапсырмалары қатысушы елдерге бір апта бұрын жіберіледі және ол елдердің оқушылары Олимпиадаға алыстан қатыса алады. Бірінші жылы олимпиадаға небары оншақты ел қатысқан болса, халықаралық дода үшінші рет өткізілгенде қатысушы елдердің саны отызға дейін артқан.


Мына http://igo-official.ir/?lang=en ресми сайтта бұған дейінгі өткізілген алғашқы үш Олимпиаданың да есептерінің шарттары мен шешімдері ағылшын тілінде жинақталған. Ол сайттан Олимпиаданың Ережелерімен де танысуға болады. Сәйкес қазақстандық сайттың келесі http://matol.kz/nodes/166 арнайы бетінде соңғы жылдардағы Олимпиада есептері шарттарының қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларына қол жеткізе аласыз.


Сайысқа қатысқан оқушылар жас шамаларына қарай 3 топқа (лигаға) бөлінді. І лигаға 7-8 сыныптардың 162  оқушысы, ІІ лигаға 9-10 сынып деңгейіндегі 101 оқушы, ал ІІІ лигаға 11-12 сыныптарда білім алып жатқан 40 оқушы біріктірілді. Сайысқа қатысқандар негізінен физика-математикалық бағыттағы Республикалық арнайы физика-математикалық мектеп-интернатының (Алматы), Назарбаев зияткерлік мектептерінің (Алматы, Ақтөбе), Алматы қаласындағы №№165, 178, 175 «Алтын ғасыр», Ш.Смағұлов атындағы, №№178, 39 орта мектептерінің, Тараз және Талғар қалаларының мектеп-лицейлері қатысты. Әр лигадағы оң нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер атануға үміткерлердің саны, сәйкесінше, І – 83, ІІ – 72 және ІІІ – 5. Жарыстың бастапқы нәтижелерін мына сілтеме бойынша сайттан көре аласыздар:  http://matol.kz/news/111.

Болат ӘБЕНОВ