Жас болдым, ғашық болдым, жалындадым!.

21.02.2024

Көрулер: 64

 

Жас болдым, ғашық болдым, жалындадым!...». 2024 ж. 21 ақпан күні мехматтың Ө.А.Жолдасбеков атындағы Қызыл залында ҚазҰУ студент жастары мен оқытушы-қызметкерлерінің көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері,  ҚЖО Поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбековпен «Жас болдым, ғашық болдым, жалындадым!...» атты әдеби-танымдық кездесу кеші өтті.Жүздесуді факультеттің оқытушы-профессорлары мен студенттерінің Қ.Аманжолов атындағы шығармашылық бірлестігі, математика кафедрасы, студенттік жастар ұйымдары мен Фараби кітапханасы ұйымдастырды.Қазақ халқының өмірін, мұң-мұқтажын, табиғатын, адам жанындағы құбылыстарды, адамның қасиеттерін, арпалыстар мен аласапырандарды жай ғана әдемі, сұлу қалпында жеткізетін ақын көрермендердің сұрақтарына жауап қайтарып, жастық шағында жан сарайын тербеткен махаббат жайлы өлеңдеріне кезек берді, туған жерге арнаған өлеңдері мен балладаларын оқыды. Жүргізуші, аға куратор Б.Әбеновтың қызықты сұрақтарына және залда отырған студенттерді мазаландырып жүрген өзекті мәселелерге толыққанды жауап берді. Көрермендер экраннан ақынның сөзіне жазылған әндерді кәсіби әншілердің орындауында тыңдап, ләззат алды.Әділғазы ақынның жырынан шабыттанған өнерпаз жастар – бірінші курс студенттері И.Білдешбай, А.Еркінова, А.Әлібек, М.Бекназар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Н.Жақсылық тамылжыта күй тарып – автордың ризашылығына бөленді.Ұйымдастырушылар кеш соңында ақынға алғыс хат пен кәде сыйлар ұсынды. ҚазҰУ-дің түлегі болып табылатын Ә.Қайырбеков те Фараби кітапханасы мен Фараб оқырмандар клубына, жырларын оқыған студенттерге қолтаңбасын қойып, шығармаларын сыйлады. Әсерлі өткен кездесудің соңында оқырмандар ақынмен естелік фотоға түсті.