«Құрмет иесі» марапатын табыстау

13.12.2023

Көрулер: 52

«Құрмет иесі» марапатын табыстау. 2023 жылдың 13-ші желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің механика-математика факультетінде Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы мен Республикалық жанұялық «Игілік» журналының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарының (ЦУР) 11.2-пунктіне сәйкес «Құрмет иесі-4» Тұлғалар жинағының тұсаукесер-марапаты өтті.


«ҚР жоғары оқу орындарының флагманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не қош келдіңіздер!» – деп шараның шымылдығын осы жүздесуге мұрындық болған факультеттің тәлімгері, ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Болат Құсайынұлы Әбенов ашып, былай жалғастырды: – «Алты Алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі» – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев болашақ ұрпақты, ертеңгі елді қалыптастырудағы ұстаздың еңбегіне жоғары баға беріп кеткені есімізде. Білім мен ғылым мемлекет іргетасы десек, оның айбынын асыратын, жас ұрпақты өнегелі жолға бастайтын, бәсекеге қабілетті сапалы білім, саналы тәрбие беретін бүгін марапатталы отырған педагогтар қауымы, әдебиет пен өнер, мәдениет пен өнеркәсіп және заң саласының білгірлері мен саңлақтары».

Әрі қарай Ұстазды ұлықтаудың ұлы көшін, осындай игілікті істі әлі жалғастырып келе жатқан «Құрмет иесі-4» Тұлғалар жинағының авторы, шығарушысы, Республикалық жанұялық «Игілік» журналының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қоғам қайраткері Айтенова Меруерт ханым сөз алып, марапатталушыларға зор денсаулық, мол бақыт тіледі.

«Құрмет иесі» марапатына ие болғандар арасында академик, Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы, «Еуразия» ассоциациясы мерейтой медалінің иегері – Мұхитдинов А.С., Ы.Алтынсарин медалі, «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісінің иегері Құланбекова А.Қ. заңгерлер – «Үздік тергеуші» мемлекеттік атағының иегері Ибадуллаев Ж.И., Жандаров Д.Е., Жансамат А.Д., Мадамбеков Қ.А., Шарипов А.Ж., «Сенім&Адал» РҚБ мүшесі Байгазиев Н.А., Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшелері абайтанушы Ергөбеков Қ.Ж. мен ақын, жазушы Дәулетқұлова А.Ж., Шәуенов А.А., ұстаз Мұқанова М.Т., айтыскер-ақын, сазгер Үсенов А.С., актриса-педагог Серікбаева А.У., мәдениет саласының үздігі Мамырбекова А., Халықаралық конкурстардың жеңімпаздары Шаяхметов Б.Б. мен Ахметжанова Д., мотиватор-журналист Еркимбекова Ә.Қ., әнші-актер Серікқазы Б., парапсихолог Койчыкулова М.Т., психолог-эксперт Таубаева Қ.Ш., студия директоры Нусипбекова Ж.М., педагог-психолог Патталова И.Ж., дизайнер Д.Жұмабекқызы, кәсіпкерлер – Лидәш Ә.Ә., Даулетова М.О. бар.

Аталған саңлақтарға «Құрмет иесі» марапатын, информатикадан ҚР Білім министрлігі бекіткен 12 оқулықтың авторы, ЖОО-ның студенттері үшін де сонша оқулық жазған профессор-ұстаз, «Қазақстан ғалымы» медалінің иегері – Бөрібаев Бақыт, ақын Б.Қ.Әбенов және Қоғам қайраткері Амангүл Қыданқызы табыс етті.

Ал ҚР Мәдениет қайраткері Нұржамал Әшімханқызы Халықаралық Түркі әлем Жазушылар Одағының мүшесі, балалар жазушысы А.Б.Абашовқа, ардагер ұстаз З.Т.Аутоваға, оқу орталығының басшысы С.И.Ахуноваға, педагог Р.И.Анадуллаеваға «Ардақты ұстаз» марапатын табыстады    

Кеште физика-техникалық факультетінің магистранты ЛАНА, әншілер Н.Әшімханқызы, И.Патталова, А.Төлепбергенова және І.Бекзат марапат иелеріне әннен шашу шашып, алғысқа кенелді.