Механика- математика факультетінде Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы мен заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы бірігіп әзірлеген «Өз құқыңды білесің бе, студент?» атты пікірталас өтті.

19.02.2024

Көрулер: 261

«Өз құқыңды білесің бе, студент?». 19 ақпан күні механика-математика факультетінде Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасымен заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы бірігіп әзірлеген «Өз құқыңды білесің бе, студент?» атты пікірталас өтті. «Білім беру – мамандық бойынша ақпарат берумен шектелмейді, біз бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауымыз қажет.Өзімен өзі қалған жас өркен көшенің әсеріне тап болады. Сондықтан,педагогтар қауымы, жастарды дұрыс бағыттауға, олардың өз позицияларын сауатты қалыптастыруына көмек көрсетуіміз керек. Студенттердің саяси мәдениетін, құқықтық сауаттылығы мен сана-сезімін, интернационалдық рухын қалыптастыруға міндеттіміз» – деп бастады сөзін пікірталасқа мұрындық болған факультеттің аға кураторы Болат Әбенов.

Қонақтардан бірінші болып сөз алған, заң ғылымының докторы Рахметов Есіл Шәріпбайұлы: «Студент жастар қоғамымыздың ең пәрменді, жылдам әрекет ететін, сонымен бірге тез қабылдағыш бөлігі. Ендеше тәрбие жұмысы ғылыми ізденістер мен үздік оқу сияқты маңызды іс» – деп жалғастырды.

Заңгер-ғалым, доцент Қуандықов Қалдарбек Жүнісбайұлы қылмыстың сыныптамасын беріп, әкімшілік жауапкершіліктің қалай қылмысқа айналатынын, қалжың үшін немесе бұзақылықпен жеке тұлғаның дербес деректерін әлеуметтік желіге таратудың түрлі салдарлары арқылы қылмыстық жазаға, тіпті халықаралық дау-дамайға алып келуі мүмкін екенін,ондай жазаның тым ауыр болатынын айтты.

Ал аға оқытушылар Жапақов Сабыржан Мәліұлы мен Есекеева Айнаш Әкімсалқызы еңбек қатынастары мен неке қатынастары туындаған кезде тараптар арасында қандай құқықтар мен міндет-жауапкершіліктер пайда болатынын жеткізді.

Айташы мен дәріскерлер студенттерге сауал тастап, тыңдармандар өзойларын білдіріп отырды. Кездесу соңында заңгерлер студенттер мен факультет ұстаздарын толғандырып жүрген құқықтық сұрақтарға кәсіби және толыққанды жауап берді.