Механика-математика факультетінің студенттері бас бәйге ұтты

29.11.2023

Көрулер: 358

     2023 жылдың 18 қарашасында Алматыда 11 жоғары оқу орнының техникалық мамандықтарында оқитын студенттер арасында Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдығына, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығына арналған «Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт тағылымы» атты қалалық байқау өтті.

    Мақсаты бүгінгі білімгерлерге Алаш зиялыларының өмір жолы мен шығармашылығын таныстыру, олардың шығармашылық әлемі арқылы жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, алаш қайраткерлерінің саяси және рухани күрес мақсаттарын, ерлік істерін ұлықтау болып табылатын байқауға қатысқан механика-математика факультетінің «Қолданбалы математика» мамандығының 1 курс студенттері Еркінова Ақмарал, Шәріпбай Нұрлыбек, Жасузак Бақдәулет, Саятұлы Санат, Білдешбай Исатай, Әлибек Айымжан, Имандиев Баглан «Қазақстан тарихы» пәні аясында Алаш тағылымы туралы біліктіліктерін, креативті ойлау қабілеттерін көрсете білді.

                             

    Үш кезеңнен тұратын бұл байқауда біз қосқан топтың бейнетаныстыру видеосы мен сәтті шыққан Ш.Құдайбердіұлының туындылары бойынша дайындалған поэтикалық-шығармашылық композициясы әділ қазылар алқасына ұнап, үздік деп бағаланды, командамыздың “Шамшырақ” атауы мен эмблемасының да байқау тақырыбымен үндес болғаны аталды. Интеллектуалдық жарыста да викториналық сұрақтардың басым көпшілігіне дұрыс жауап беріп, ойтолғау атты көпшілік алдында сөйлеу сайысында да үш тұлғаның берілген дәйексөздерін қиюластырып, бүгінгі қоғамдағы жастар мәселесіне қатысты өз ойларын айқын айта алды.

                                                   

     Нәтижесінде өздерінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мәдениетімен, топта ынтымақтаса жұмыс істеу дағдыларымен топ жарған шәкірттеріміз танымдылық мәні зор рухани байқауда жүлделі 1 орын алып, “Үміттен” қайырымдылық қоры тағайындаған бас бәйге – 250.000 теңге қаражатты иеленді.

      Шығармашылық топқа ғылыми жетекшілік еткен тарих пәнінің оқытушысы, доцент Э.Т.Телеуова мен көркемдік басшылық жасаған аға куратор Б.Қ.Әбенов те ұйымдастырушылардың алғыс хаттарымен марапатталды.