Ұлағатты ұстазымыз физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Тұнғатаров Нұрмат Нұрғазыұлы өмірден озды

29.07.2021

Көрулер: 1632

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, механика-математика факультеті ұжымында, білім-ғылым жолында еңбек етіп жүрген құрметті әріптесіміз, ұлағатты ұстазымыз жиырма сегізiнші шілдеде өмірінің 53 жасында физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Тұнғатаров Нұрмат Нұрғазыұлы өмірден озды.

Тұнғатаров Нұрмат Нұрғазыұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Механика-математика факультетінің «Математикалық және компьютерлік пішіндеу» кафедрасының жетекші доценті.

Нұрмат Нұрғазыұлы өз ісіне адал, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, ерекше ілтипатымен баурап, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісі бола білген ерекше ұстазымыз. 1995 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 26 жыл жұмыс істеу барысында көптеген кітаптар, ғылыми мақалалар, тезистер, баяндамалар шығару арқылы сіңірген еңбегі зор. Оның іскерлік тәжірибесі халықаралық, республикалық деңгейде таныстырылды. Ол өзінің тәжірибесін үнемі шыңдаумен қатар факультеттің методикалық және тәрбиелік жұмыстарына қосқан үлесі зор. Нұрмат Нұрғазыұлы алғаш еңбек жолын 1993 жылы іргелі анализ кафедрасында ассистент болып, ал 1997 жылы есептеу және іргелі математика кафедрасында аға оқытушы болып жасаған. 2001 жылдан бастан математикалық және компьютерлік пішіндеу кафедрасында аға оқытушы, 2002 жылы математикалық және компьютерлік пішіндеу кафедрасында доцент лауымында болған. 2010 жылдан бастап математикалық және компьютерлік пішіндеу кафедрасында міндетін атқарушы кафедра меңгеруші, ал 2011-2013 кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып математикалық және компьютерлік пішіндеу кафедрасында қызмет жасаған. 2013 жылы 14 қаңтардан бастып 2018 жылға дейін маханика-математика факультетінде оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары болған. Сонымен қатар 2018-2019 жылдары ақпараттық технологиялар факультетінде оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі деканның орынбасары болып қызмет атқарған.

Нұрмат Нұрғазыұлы – ардақты ұстаз өзінің саналы ғұмырын білім жолына арнаған нағыз шебер еді. Әрқашан үлкен-кіші демей оқытушыларға, әріптестеріне және студенттеріне жол көрсетіп, бағалы ойларын айтып, ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетіп отыратын. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты әріптестер бойына дарыта білетін, өз бойындағы шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін.

«Жарқын ұстаз» деп, Нұрмат Нұрғазыұлының ісі мен еңбегін бағалап, ұлағатты ұстаз, адамгершілігі мол адам ретінде жарқын естелік, біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Факультет, кафедра ұжымы және студенттері Нұрмат Нұрғазыұлының отбасына, туыстарына, достарына көңіл айтады.

Нұрмат Нұрғазыұлы - ұлағатты ұстаз жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын!