АКАДЕМИК ӨМІРБЕК ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

01.03.2021

Көрулер: 2112

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2021 жылдың 1 наурызында техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА және ҚР ҰҒА академигі, көрнекті механик-ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының ғылымы мен жоғары білімінің ірі ұйымдастырушысы, ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының туғанына 90 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. 

 

Мерейтой аясында академик Ө.А.Жолдасбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою, шақырылған қонақтар мен университет ұжымының қатысуымен онлайн режимдегі салтанатты шара Ө.А. Жолдасбеков атындағы стипендияларды тапсыру рәсімі, математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық байқауы ұйымдастырылды.

 

Академик Ө.А. Жолдасбеков – Қазақстан жоғары мектебінің дамуына негіз болған бірегей тұлға. Бүгінде студенттерді даярлайтын жаңа мамандықтар мен ғылыми бағыттар оның есімімен тікелей байланысты. Ғалымның басшылығымен ЖОО жаңа зертханалар, кафедралар, ғылыми орталықтар, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Инженерлік академиясы құрылды. Қазақстандағы студенттердің символына және әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның ғылымы мен білімінің белгісіне айналған бірегей кампус – ҚазҰУ қалашығының негізі осы білім ордасына Өмірбек Жолдасбековтің басшылық еткен тұста қаланып, бой көтерді.

 

Өмірбек Арысланұлы 1970 жылы еліміздегі ең ірі және ең байырғы жоғары оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Оның басшылық еткен жылдарда университет КСРО-дағы үздіктер университеттер қатарына кірді және жоғары оқу орындарының әлемдік қоғамдастығында танымал болды.

Академиктің 90 жылдық мерейтойына жиналған университет ұжымы, шәкірттері және арнайы шақырылған қонақтар Ө.А.Жолдасбековтің жоғары оқу орнының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін ерекше құрмет көрсетіп, академик Өмірбек Арысланұлын білетін әріптестері, шәкірттері білім саласына және қоғамға орасан еңбек сіңірген тұлғаны еске алды.