Шалқарбай Лашын

       Қайырлы күн. Менің есімім Лашын. Қазіргі таңда Түркия елінде, Анкара қаласында, Хаджеттепе университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 3 курс оқып жатырмын. Мұнда небәрі 1 семестр оқуға келдім, осыған қарамастан мен бұл үшін өте бақыттымын. Бала кезімнен Қазақстанда ғана емес, шет елде білім алып, нағыз өз мамандығымның иесі болуды армандайтынмын. Қазір міне бұл арманым нағыз шындыққа айналып отыр.

     Хаджеттепе университеті жайында қысқаша айта кетсем, бұл университет өзінің ерекше локациясымен, үлкен территориясымен және үздік білім беру жүйесімен ерекшеленеді. Мұғалімдердің біліктілігі, инновациялық технологияларды қолдану әдістерімен, студенттерге деген жылы көзқарастары арқасында университеттің көркі мен атағы одан сайын еселене түсуде. Менің мамандығым шетел тілдері: екі шет тілі, яғни ағылшын және түрік тілі маманы. Бұл жақта ағылшын тілін жетілдіріп қана қоймай, түрік тілінде сөйлейтін халықпен түрік тілін де, ағылшын тілін де жақсы меңгеріп жатырмын. Ең қызығы, түріктердің ағылшын тілін меңгеру әдіс тәсілдері мен оның нәтижесін көріп бақылап, өз білімімді толықтырып жатырмын. Анкара қаласындағы Ұлттық кітапхана жайында айта кету керек, өте ерекше, өзінің ақпарат пен нағыз білімнің ордасы болған кітапхана менің назарымды бірінші көргеннен-ақ өзіне тартты.

       Ал менің группаластарыма келетін болсақ, олар өте ұйымшыл, жаңашылдықты қолдайтын, білімге ұмтылып тұратын, барлық халыққа деген көзқарасы ұстамды әрі позитивті, ойлау қабілеті ерекше, терең түрде ойлана білетін өте керемет түрік студенттері. Олармен бірге уақыт өткізу, бірге сабақтарға дайындалу, тіпті бірге ас ішу өте қызықты әрі пайдалы. Бірге жүрген кезде үнемі бір-біріміз үшін пайдалы, жақсы пікірлер алмасамыз.

       Университет территориясында тамақтануға болатын кафелер орналасқан, біз студент картакасымен тамақты бірнеше есе арзан бағада сатып ала аламыз. Тіпті бұл жүйе жатақхана маңындағы кафелерде де жұмыс жасайды. Жатақхана жағдайы студенттер үшін өте үйлесімді жасалған. Менің бөлмемде екі қыз тұрамыз. Өзімнің жеке жататын төсек орным, жақсы интернет желісі, сабақ дайындалатын үстелім мен жеке шкаф және жеке душ бар. Қысқасы, студентке не керек бәрі бар.

     Ең алғаш Анкара қаласына келгенімде, ең бірінші ұнаған нәрсе ол Анкара қаласының тұрғындары. Өте мейірімді, әрқашан көмектесуге дайын тұратын жақсы адамдар. Біз құрбыларыммен ең алғашқы күні университетімізді таба алмай жүргенде қандай адамнан көмек сұрасақ та, барлығы бүкіл шаруасын тастап бізге көмектесті. Мен бұл жағдайларға өте таң қалдым, бір ғана адам емес, барлығы солай жасады, және бұл әрекет әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Мұндай тұрғындары бар қалада, салтанат құрып тұрған университетте білім алу әркімнің-ақ арманы болса керек. Бір түсінгенім, армандай білсек, соған сай әрекет ете білсек, біз міндетті түрде қалаған арманымызға жетеміз. Сонымен қатар, осындай мүмкіндік сыйлаған өзімнің университетім, қара шаңырағым ҚазҰУ-ға алғысымды білдіремін. Мен, артылған сенімді барынша ақтауға, елімнің, университетімнің атын төмен түсірмеуге уәде беремін.