Ибрагим Айна

            Ыстамбұл қаласында, Ыстамбұл университетінде оқу мүмкіндігінен бас тартатын студент кемде кем шығар. Еуропа мен Азияны жалғап тұрған ерекше қалада, Түркия мемлекетінде оқу жайында армандағандардың бірі мен едім. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты атанғаннан кейін маған академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндігі туды. Қазіргі таңда Түркия бойынша төртінші орында тұрған Ыстамбұл қаласында орналасқан, 1453 жылы іргетасы қаланған, 570 жылдық тарихы бар Ыстамбұл университетінде оқып жатырмын.

            Бұл университет өзі орналасқан Ыстамбұл қаласы секілді құшағы айқара ашық адамдарымен, қаншама жылдық тарихымен, үздік білім беру жүйесімен таңдандырды. Алғаш университетті алыстан көргенімде, көне болса да діңгегі мықты университет қабырғаларымен-ақ сан ғасырлық білім ордасы екендігін танытты. Оқытушылардың біліктілігі мен білім алушыларға деген ықыластары, инновацияландырылған жан-жақты мүмкіндіктер – ақпаратсыз қалдырмайды. Оқу процессі кезіндегі еркіндіктің деңгейін студенттердің кез-келген сұрақтарын қойып, түрік шәйін ішіп отырып, оқытушымен түрлі талқылар жасауларынан, тіпті мысықтардың аудиторияларға емін-еркін кіріп, біздің алдымызда білім алушылармен бірге дәріс тыңдайтынынан байқауға болады.

            Осы ортаға тап болғалы өзіме көптеген жаңа ақпараттар, білім алу әдістер, әрқашан көмек қолын созатын түрік достар таптым. Қазіргі кезде Әдебиет факультетінде жалғыз қазақ болғандығымнан, қазақ тілін үйренушілер үшін «Қазақ тілінде сөйлесу клубын» құрдық. Бұл ғана емес басқа да қызығушылық танытқан салаңыз болса, кез-келгеніне барып қатысуға немесе құруға мүмкіндігіңіз бар. Және айта кетуі керек мұндағы білім алушыларға жасалған үлкен жеңілдік - студенттер асханасы, мұнда студент картасымен небәрі 150 теңгеге ыстық тамақ алуға болады. Ал Ыстамбұл қаласының өзіндегі көрікті жерлер, музейлер, театрлардың санына жете алмайсыз. Осындай тәжірибесі мен берері мол мүмкіндікті бергені үшін ҚазҰУ университетіме және оқытушыларыма шексіз алғыс білдіргім келеді!