ҚАЗҰУ МАГИСТРАНТТАРЫ НЬЮ-ЙОРКТІҢ БҰҰ МІНБЕРІНЕН КӨРІНДІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары Нью-Йоркте өткен БҰҰ үлгісі бойынша Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің қорытындыларына арналған дөңгелек үстел шарасына қатысты.

Пікір сайыс Нью-Йорктегі БҰҰ-ның ҚР Тұрақты өкілдігі Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты және «БҰҰ Моделі - Жаңа жібек жолы» жастар ұйымымен бірлесе ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің күн тәртібінде «Корей түбегіндегі жағдай», «Сирия бойынша Астана процесінің контекстіндегі сирия дағдарысын реттеу мәселесі» және «Ауғанстандағы ахуалдың дамуы» атты маңызды мәселелер талқыланды.

ҚазҰУ магистранттары сарапшылар ретінде баяндамаларын оқып, көрсетілген тақырыптар бойынша басқа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Аталмыш шараға басқа да ЖОО студенттері қатысты. Пікірталас барысында қазақстандық ЖОО студенттері қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың көптеген күрделі дағдарыстары бойынша пікір алмасып, осы мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Пікір алмасуды бастаған Қазақстан Республикасының БҰҰ жаныңдағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты басты органындағы еліміздің негізгі жетістіктері мен Қауіпсіздік Кеңесінде қызметтің ерекшеліктері туралы баяндады. Ол БҰҰ ҚК-де болған екі жыл мерзімінде Қазақстан делегациясының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әртүрлі деңгейдегі 1000-нан астам отырыстарына қатысқанын атап өтті.

БҰҰ үлгісі бойынша өткен пікірталастарда Колумбия университеті жанындағы MDP Global Classroom Жер Институтының директоры, профессор Рафис Абазов және БҰҰ Хатшылығының Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Мэтью Пампин де қатысты. Бір айта кетерлігі, бұл шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия мен саясаттану, журналистика, факультеттерінің және экономика мен бизнес жоғарғы мектебінің магистранттары Колумбия университетініңжанындағы Жер институтымен алмасу бағдарламасы шеңберінде Нью-Йорк қаласына келген.

Басылым күні :  04.02.2019