Университетіме алғыс айтамын

11.10.2022

Көрулер: 785

Менің аты-жөнім - Данильева Айдана. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 4 курс студентімін. Дәлірек айтсақ, Шығыстану факультетінде жапон тілі бойынша «Аударма ісі» мамандығында оқимын. Биыл мен Жапонияның Каназава университетінде академиялық ұтқырлық бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шәкіртақы бағдарламасына ілініп, сол бойынша бару-қайту жолым мен Жапониядағы тұрмысыма қажетті қаражат бөлінді.

Менің Жапония туралы алғашқы әсерім өзім күткеннен әлдеқайда өзгеше болды. Өйткені, атмосфера, қоршаған орта, мәдениет пен менталитет жайлы интернеттегі мақалаларды оқығаннан гөрі өзің көріп, сезіну тіптен бөлек. Жапонияда маған ұнаған нәрсе - жапондардың айналадағы өзін қоршаған әлемге соншалықты мұқият қарауы және басқа адамдарға құрмет көрсетуі. Жапониядағы тұрмысқа бірден үйреніп кету өте қиын болды, сондықтан кейде жергілікті тұрғындардан кейбір нәрселерді сұрауыма тура келді. Сонда мені таң қалдырғаны, жапондар сұрақтың жауабын білмесе де, түсініп, көмектесуге тырысады. Жалпы айтқанда, олар сізді көмексіз қалдырмайды. Жапондардың басқаларға көп ашыла бермейтін, тез сөйлесіп кетпейтін халық екенін көп естіп, көп оқимыз. Иә, мүмкін, шын мәнінде солай шығар. Бірақ мен Жапонияда тек жанашыр және ақкөңіл адамдарды кездестірдім. Мені таң қалдырған тағы бір факт – барлық нәрсенің адамдарға ыңғайлы және жайлы болатындай етіп реттелгені.

Қазір Каназава университетінде оқып жүріп, жапон қоғамына бейімделуге және көбірек достар табуға тырысып жүрмін. Алдағы уақытта Жапонияда одан да көп тәжірибе жинаймын деп ойлаймын.

Менің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияда оқып жүргенім ҚазҰУ-дағы оқуымның арқасы деп білемін. Осындай мүмкіндік үшін университетіме үлкен алғыс білдіремін.