21-ғасыр ертегісі. Шерлі әке

09.12.2021

Көрулер: 1918

Кезінде қара жұмыспен нәпақасын тауып жүріп, жалғыз ұлын жетектеп өсірген бір адам болыпты. Біреу-міреудің отынын жарып, үйін әктеп, ауласын сыпырып тапқан ақшасы ішер ас, киер киімнен артылмайды екен.   Бейнетті өмірден әбден қажыған әлгі кісі бейқам жүрген жалқау ұлына налып, келешекте оның адамгершілігі бар азаматқа айналмайтынын, ортаға сыйлы, ержүрек жігіт бола алмайтынын айтады. Ызасы келген күндері таяқтың астына да алатын көрінеді.

Бір күні баласы ұрыс естуден шаршап, үйден қашып кетеді. Сол бойы үйіне бірде-бір рет оралмаған ұл он жылдан кейін хан уәзірі дәрежесіне көтеріліпті.

Өзіне тиесілі алтын мөрді алуға хан сарайына жол тартқан ол шабармандарына жақын маңдағы ауылға кіре кетіп, сонда тұратын бір қарияны алдына әкелуін бұйырады. Түнделетіп уәзір жөнелткен ауылға жеткен шабармандар әлгі қартты төсегінен сүйреп тұрғызып, демігіп, науқастанып жатқан күйі мырзаның алдына апарыпты.

Уәзір бойын тіктеп, кеудесін керіп, орындығына жайланып жайғасып алады да, жерде басын шұлғып, әбден қиналып отырған қартқа өзіне қарауды бұйырады. «Сен мені білесің бе?» – деп сұрайды ол даусына қуат қоса түсіп.



Қарт безенді, биік орындықта отырған мырзаға көзін қадап: «Аа, уәзір-еке, қалай танымайын?! «Сен менің ұлымсың ғой», – дейді.

– Бала кезімде менің ешқашан жақсы адам атанбайтынымды, нағыз ер азамат бола алмайтынымды жиі айтушы едің, Енді міне қара, – деп бойын кернеген мақтанышын жасыра алмай уәзір алтын мөрі мен құндыз бөрігін көрсетіпті.

Сонда қария жанарынан тамған ыстық жасты күртесінің жеңімен сүртіп жатып: "Ал мен қателестім бе?! Иә, сен хан уәзірісің. Бірақ өзің айтқандай абыройлы атқа лайық адам болсаң, өз әкеңді осынша қорлап, алдыңда тізе бүктірер ме едің? Ұқпасаң тағы да айтайын, сен зор дәрежеге жетіп, лауазымды қызметке орналастың, бірақ жақсы адам бола алмадың, балам", – депті.

 

 

                                                                                          Аянқызы Анель