Ертай Сұлтан

 

  1.   PhD доктор Е.Султан ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Кіші ғылыми қызметкерден директордың орынбасарына дейінгі барлық қызметтік сатылардан өтіп, өзінің ғылым саласындағы ізденімпаздығы, ғылыми зерттеу жұмыстарының өнімділігі, ұйымдастырушылық қабілеттері арқасында сенімді, болашағынан үміт күттіретін жас маман ретінде таныла білді. Институтта қызмет ете жүріп қазіргі әдебиет пен өнер тақырыптарында әр жылдары іске асырылған іргелі ғылыми зерттеу жобаларына қатысып, әрқашан тың ғылыми көзқарастары және терең ізденімпаздығымен ерекшеленіп келді. «Қазіргі романның трансформациясы» атты PhD докторлық диссертациясы бүгінгі әлем әдебиетіндегі болып жатқан әдеби құбылыстарды қазақ әдебиетімен салыстыра зерттеуімен құнды.
  2. Жұмыста әлем әдебиетінің қазіргі озық үлгілері жанрлық, құрылымдық, стильдік тұрғыдан жан-жақты талданып, пайда болған синтездік формалар қазіргі қазақ прозасынан іздестіріледі. Қазіргі романның барлық деңгейінде дерлік болып жатқан құрылымдық, стильдік, мазмұндық өзгерістерді оның жанрлық трансформациясы деп танып, «роман» терминінің аталған өзгерістерге толық мағына бере алмайтындығын нақты мысалдар негізінде дәлелдейді. Осылайша, британдық жазушы Д.Митчелдің «Бұлтты атлас» шығармасын роман-симфония, Нобель сыйлығының иегері, жапондық жазушы К.Исигуроның «Мені босатпа» туындысын роман-антиутопия, итальяндық У.Эконың «Баудалиносын» роман-хроника, испандық К.Сафонның «Жел көлеңкесі» туындысын роман-параллель деп атайды. Е.Султан аталған шығармалардың түпнұсқа мәтіні және ағылшын тіліндегі аудармасымен танысу арқылы кешенді талдаулар жүргізді. Нақты салыстырмалы зерттеулер нәтижесінде қазақ прозасынан роман-контрапункт ретінде М.Мағауиннің «Жармақ» туындысына, роман-интенция, роман-балет ретінде Д.Нақыповтың «Күл шеңбері» шығармасына, роман-жұмбақ ретінде Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романына, роман-трагедия ретінде Б.Мұқайдың «Өмірзая» шығармасына, роман-эссе формасына Г. Бельгердің «Жиһанкездің үйі» және Б.Момышұлының әкесіне арнаған трилогиясына тоқталады.
  3. Зерттеу жұмысында қазіргі роман формаларының әлем әдебиетіндегі және қазақ әдебиетіндегі үлгілері талданып, пайда болған жаңа синтездік формалардың хронотоп категориясы жан-жақты сөз етіледі. Мұнда жанрлық трансформациядан туындап жатқан гибридті роман формаларындағы уақыт пен кеңістік категориясын анықтау жүзеге асырылады. Г.Бельгердің «Жиһанкездің үйі» роман-эссесіндегі мекеншақты анықтауда, алдымен жеке роман жанрындағы мекеншақтың басты қасиеттерін, ерекшеліктерін атап өтеді. Одан кейін эсседегі уақыт пен кеңістіктің негізгі сипаттамасын көрсетеді. Содан келіп роман-эссе жанрында жазылған «Жиһанкездің үйі» шығармасында аталған екі мекеншақтың айқасуы жүзеге асқандығын жан-жақты дәлелдейді. Екі хронотоптың айқасуын математикалық модельдеу негізінде нақты геометриялық формаға салу мүмкіндігі бар екеніне болжам жасайды. Академик, физ.-мат.ғ.д., профессор А. Жұмаділдаевтан кеңес алады.