СЕН ҚАЙТҚАЛЫ ӨТІПТІ ОН ҮШ КӨКТЕМ...

10.02.2021

Көрулер: 1473

Кепебұлақ мекенім,

Қалай қиып кетемін.

Топырағың туған жер,

Білем ыстық екенін,- деп кеше ғана өмірден өткен Кепебұлақтың киелі де, қасиетті топырағынан жаралған, ауданымызға белгілі ақын Нұрғабыл Асыранды толқи да тебірене жырлаған Кепебұлақ ауылы тау етегіне орналасқан шағын ауыл.Бұл ауылда Албан балалары: Қайыпберді,Бесшал,Сексен секілді бір рудан тараған ұрпақтар өмір сүреді.

Кепебұлақ ауылының күн шығыс беткейіндегі шағын өзекшені қуалай ағатын өзен де Кепебұлақ деп аталады. Кепебұлақ ауылына бара жатып, үлкен әкем туралы естіген естеліктер ойыма оралып отырды. Ұзақ жолда көптеген ойлар ойға оралды. Шыныменде, сен қайтқалы өтіпті он үш көктем.

“ ... Әркім өз лағын текешік қояды” демекші,өзен деген атауға келмесе де, өзімізге Іле дария болып көрінетін бұл қасиетті су басын Кепебұлақ тауындағы көп арналардың бірінен алады.Іле өзенін бетке ала отырып қара даланың тау төсін басып,тынымсыз ағатын Кепебұлақтың күміс суына шомылып өскен Нұрғабыл – ақын, әнші, сазгер.

Не деймін жұртым,не деймін,

Өз басым тақыр кедеймін.

Бар байлығым- өлеңім,

Соны алтынға теңеймін.

Керегі жоқ алтынның,

Таныса болды халқым да.

Өлсем де менде арман жоқ,

Өлеңім қалса артымда,- деп өлеңін байлығым деп бағалаған Нұрғабыл Шәріптегі Асыранды кішкентайынан өлең жазуға құмар болып өседі.Атасы Асыранды да ән-жырға әуес болып, жанынан суырып салып өлең шығаратын,ақын жанды адам болған.

   Атадан балаға мирас болып келген осы бір құдіретті сөз өнері кез-келген адамға қонбайтын бақ.

Алайда , сан түрлі өнер иесі туралы аудандық баспасөз беттерінде жарық көрген кейбір өлеңдері болмаса,бүгінгі күнге дейін оның шығармашылығы туралы ешқандай ғылыми талдау,деректеме немесе мақала жазылған емес.

Жанынан суырып салып өлең шығарып,шабыты келген шақтарда арқаланып,төпелетіп, төгіп-төгіп жіберетін аяулы ағамыздың өмірден өткеніне биыл он үш жыл толды. Бір мүшел. Бүгінде көзі тірі болса,алпыс үшке толып,зейнетке шығып,немерелері мен балаларының ортасында күліп-ойнап жүрер еді. Жүрген жері жыр-думан, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл ағатайымыз өте әзілқой адам еді.Құрдастары мен достарына арнап шығарған өлеңдері мен әзілдері бір кітапқа жүк болатын дүниелер. Нұрғабыл аға өлең жазатын кезде қолына шиыршықталған көнетоз қалың дәптерін ұстап,Кепебұлақ өзенін жағалап ұзақ жүретін.

Сылдыр қаққан,сылбыр аққан,

Менің Кепебұлағым.

Жылжып аққан,бал бұлақтан ,

 

Өзен болып құралдың.

Сылдыр қаққан бұлағым,

Сенімен бір жыр-әнім.

Тартылмашы Аралдай,

Менің Кепебұлағым.

Қыз бұрымдай,бір бұрылмай,

Таудан құлап ағасың.

Сылдыр қаққан сырлы өзенім,

Қайда ағып барасың.

Тілсіз деме,

Сылдыр қаққан бұлақты.

Сылдырынан сезем әнді,

Төгілер күй тұрақты , - деп ыңылдап әнімен айтып жүретін. Сол сәтте өлеңдеріне керемет әндер де туатын шабытты шағы екен ғой ағаның.

Қазақтың домбыра, баян, сырнай секілді кез-келген аспабында шебер ойнай білетін ақын « Гүлатхан », « Кепебұлақ »,

« Ақжарқынға » , « Майраға » , « Ақ әже » тағы басқа көртеген өлеңдер мен термелердің авторы. Мәселен:

Демеңдер ақын қаралы,

Тағы да жаным жаралы.

Өмірден мәңгі қоштасып,

Майрашым кетіп барады.

Мәңгілік солған гүлім-ай,

Жайдары жаны жаз ба еді.

Өмірдің шалқар көлінде,

Аққуым неге жүзбеді.

Бұл өмір болса көк теңіз,

Ескегін еспей қайықтың.

Майрашым кетті қыршындай,

Бір құсы болып ғайыптың.

Жарқ еткен жарық жұлдызым,

Сәулеңе жарық түспеді.

Әкеткен сені келмеске,

Сұм ажал неткен күшті еді,- деп тебіреніп, аһ ұрған ақынның бұл өлеңінің авторы да, сазгері де, орындаушысы да өзі болатын.

Қазіргі кезде жоғарыда аталған өлеңдерінің бәрі ауыл жастарының сүйіп орындайтын әндеріне айналды.

Сиясы кеппей жаңа ғана шығарған бірнеше өлеңдерінің алғашқы сыншысы да,тыңдаушысы да мен едім. Кемел,/мені осылай атайтын/ мына бір өлеңді тыңдап көрші әдебиетшісің ғой, пікіріңді айт,-деп шабыттана оқи жөнелетін .

Мен көркемдік жағына мән беріп, ұйқас, бунақ, буын саны туралы айта бастасам,осы қалпында-ақ қала берсінші , өзгертпейік,уақыт сыншы ғой,-дер еді.Қайдан білейік,ағаның өмірден ойламаған жерден оқыс өтіп кетерін. Егер ғұмырының қысқа боларын білсем, барлық өлеңдерін өз аузынан жазып, алар ма едім, өлең толы қолжазба дәптерлерін сұрап та алар ма едім, кім білсін.

Енді міне, құм арасынан ине іздеген адамның кейпіндемін. Егер ағаның өлеңдерін білетін құрбы-құрдас, дос-жарандары, таныстары болса, менімен хабарласып, өлеңдерін өзімізге қайтарса, келешекте аға рухын есте сақтау үшін шығаратын кітапқа үлкен сеп болар еді.

   Өмірден ерте өтерін сезген ақын бойындағы барын халқына қалдырып кетуге асыққан тәрізді « Немді аяймын халқымнан » өлеңінде:

Әлсіреп барам аурудан мені меңдеген,

Жазуы шығар тағдырдың маған көр деген.

Жоқшылық жолдас болады дерсің қашанғы,

Сабыр қыл, халқым, мен дағы бір күн емделем.

Қиналып жаным соншама неге алқынам,

Шығам деп щыңға тырмысам да талпынам.

Мұрсат бер, ажал, жырымды жазып алайын,

Оқып жүрсін, немді аяймын халқымнан.

Мен дағы жұмыр басты пендемін,

Өмірді жырыммен тең көрдім.

Өлсем де мейлі өлеңім қалса артымда,

Оқылмай қалса, сонда нағыз өлгенім,- деп өлеңдері арқылы өзінің мәңгі өмір сүретіндігін, өзін сүйер, өлеңін сүйер халқының барында ешқашан ұмытылмайтындығын сезген де секілді.

Өзім өлсем өлейін,

Өлеңдерім өлмесін.

 

Немесе

 

Өлсем де менде арман жоқ,

Өлеңім қалса артымда.

Өлеңім бар өлмейтін,

Неге сонша налимын,- деп кейде өзін жұбатып отырған.

Кетсем де мейлі жырым қалса артымда,

Оқылмай қалса,сонда нағыз өлгенім,- деп өз өлеңдерінің өміршеңдігін армандап өтті.

Нұрғабыл Асыранды өлім туралы көп жырлағанымен, өмірден ойламаған жерден оқыс өтіп кетті.

Төмендеп барам,төмендеп мүлдем ылдиға,

Сақтай гөр, құдай, табылам саған ылғи да.

Ауру алса айналдырған ақыры,

Сұм ажал мені айдаһар болып қылғи ма.

Құлдырап барам, құлдырап барам төмендеп,

Сонда да айтқым келмейді менің өлем деп.

Ұжмақтан мәңгі артық қой менің бір күнім,

Тырмысам өрге күнімді жарық көрем деп.

Қиналып жаным неге сонша алқынам,

Шығам деп шыңға тырмысам да талпынам.

 Мұрсат бер, ажал, жырымды жазып алайын,

Оқып жүрсін, немді аяймын халқымнан,- деп   ажалдан мұрсат сұраған ақын өлеңдерінің мәңгі ұмытылмасын, мәңгі жасарын сезген де болар.

   Өнерлі өлмейді, артында өнерін жалғастырар, мұрасын жалғастырар ұрпағы болса демекші, атадан балаға мирас өнерді артындағы ұл-қыздары жалғастыруда. Алайда өмірден өксумен ерте өткен ақын Нұрғабыл Шәріптегінің өз ұрпағы мен халқының алдындағы бірден- бір борышы – өлеңдерін жинастырып, кітап етіп бастыру. Сөйтіп, есіл ерді мәңгі есте қалдыру – артта қалған ұрпақтарының кезек күттірмейтін міндеті.

  Айерке Сайран

303 топ