Менің өмірімді өзгерткен кітап

20.01.2021

Көрулер: 2735

Жер бетіне шашып жіберген тағдырлар арасынан жаныңа жақын кісіні тауып алу – миллионнан бір адам ұтатын лоторея билетінің иегері болумен тең.  Жастардың назарын өзіне аударған бұл кітап – бәрін уақыт шайып кете беретін мына әлемдегі тұрақты махаббаттың барын жеткізгісі келгендей. Алматының ұзын-сонар, қиылыстан бұрылыс жасайтын көшелері пәк махабббатың, риясыз сезімінің көшірмесін айна қатесіз өмірден алып салғандай.  Әлішер Рахат  заманауи әдебиеттің қаңырап тұрған кеңістігін тағы бір махаббат хикаясымен  толтырды.

Иә. Мені сол балалық қиялдан ересек қиялға жетелеген «махаббатым constant» романы. Ес білгелі уақыттан бері 48 кітап кемірсем де менің өміріме бұлай әсер етпеген еді.

Бала күнімнен бойжеткен шаққа өткен кезде менде үлкен өмірге қорқыныш болды. Менің махаббатқа сенімсіздігімді жеңген осынау кітап тым қысқа, әрі қызық форматта жазылған. Тілге жеңіл, ойға қонымды сөздерді орағытып, қарапайым тілде өрнектеген.  Алматы студенттерінің көпшілігі  кітапты талап алып,  кітап сөрелерін босатты. Тіпті, өзімде кітапқа әзер қолжеткіздім. Әлбетте, тиынын санап жүрген студенттердің кітапқа деген құмарлығын әп-сәтте-ақ  ашқан бұл кітап жастарды  қызықтыра жөнелді. Автордың айтуы бойынша

«Махаббатым – Constant»  оқырманға бірдеңе береді деп айту өте қиын екен. Өйткені роман нон-фикшн бағытында емес. Бұл кітаптан керемет сюжет күткен оқырман  қателеседі. Себебі , автор үшін романда басты мәселе атмосфера болатын, яғни сезіну ғана. Дегенмен, автордың бұл ойымен келісуім 50/50. Мен кітаптан өзіме керек сенімділікті қабылдадым. Алматының кең көшелерінің атауымен жазылған романды оқи отырып көз алдыма картинаны елестету аса қиын болмады. Кітаптан кейін махаббатқа деген ойым өзгерді. Бас кейіпкердің орнына өзім жүргендей күй кештім.

«Махаббат іздеп талпынған» көңілдің орнын махаббат қана толтырмақ. Ол қандайда бір нәпсілік құмарлықтан ада, пенделік әуейіліктен алыс, пәк, таза сезім. Көрмесең сағындыратын, сағынсаң жүрегіңді езіп, тағатыңды таусатын ерекше қасиет. Ақындар мен жазушылардың махаббат туралы жазылған дүниелерін қанша оқығаныңмен, сенің көңіліңді дәл баса алмайды. Сезім ұқсас болғанмен, ой бөлек, сезіну басқа.

Ғашық болуы азап, ол бір төтенше құбылыс сияқты көріп, мына жарық дүниеден баз кешетіндер бар. Мен олай ойламаймын. Ғашық болу азап емес. Рахат! Көңілің сүйген, жүрегің қалаған жанға соншалықты ынтық болу, асығу, армандау тек ләззат қана сыйламақ. Оның аз ғана машақаты Пушкин айтқандай адам төзгісіз емес-ау. Өмірдің мәні саналатын жардың ыстық ықыласына ие болу үшін жасаған әр қадамың жақсылыққа, ізге ниетке толы.

Ғашық болу азап емес, досым. Ғашық бола алмау – азап. Ғашық болған кезіңді сағыну ең ауыр сағыныштардың бірі сияқты.

Көңіліңде аялаған, сыйлаған жанды өмірде де соншалықты құрметтеу ең жақсы істердің бірі болса керек. Бір-біріне ғашық, бір-біріне асық жандар, ешқашан ренжіспеңдер. Егер сені біреу шын құлай сүйсе, оны да сүй (соған лайық жан болса). Адам әлсіз. Мына дүниеден ең жақсы нәрселерді тілейді. Ең сұлу, ең бай, ең… ең… жандарды құшқысы келеді. Бірақ ер азамат үшін де, қыз бала үшін де оның бәрі мүмкін емес. Егер сені бір жан шын сүйсе, адалдығы мен адамдығына көңілің тойса, жақында. Қол ұстас. Уағдалассаң, оны бұзба. Өйткені ол махаббатқа сенеді.

Ғашық болған жанның меселі қайтып,ғашық бола алмай азапқа түспесін. Ғашық болу азап па екен тегі… Қойыңдаршы алтындарым-ау! Ғашық бола алмау ғана азап бұл өмірде!

Жоқ болған соң да махаббатқа тым ынтызармыз. Егер зәуде бар болса, баяғыда жек көріп кетер едік. Нағыз махаббат жер астында да жоқ деген оймен мақаламды аяқтадым.

 

                                                        Халиуллина Жанерке