Өнердің қадірі
Көрулер: 2010
Бір аптаға созылған қысқы емтиханнан бүгін соңғы сабақты тапсырып шығып, туған жеріме жүйткіп жеткізетін пойызға келіп отырдым. Вагонда адам көп болғанымен, мен отырған купеде менен басқа ешкім болмады. Пойыз жүрмей тұрғанда заттарымды орналастырып, орынымды ыңғайлап алып бола бергенімде бір қарт әже есіктен жәйлап аттап ішке кірді. Жәй ғана амандасып болған соң, балаларына рақметін айтып шығарып салды. Мен іштей қасыма жолсерік болып әженің орналасқанына қуандым. Қарт кісі үндемей отыра алмайтыны белгілі. Әңгімені танысу-білісуден бастады. Оны айтып отырғанда-ақ біраз уақыт өтіпті. Әже бір сәт үндемей қалған соң, терезеге қарап отырған мен байқап қарасам ол кісі ұйықтап қалыпты. Мен де құлаққапты киіп, сүйікті әуендерімді тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Пойыз қатты бір теңселіп қалды.
Сол сәтте оянып кетіп, әже тұрды ма екен деген оймен бұрылып қарасам, бейтаныс әже терезеге қарап ойланып отыр екен. Менің оянғанымды байқамағанын, қозғалып тұра бастағанда, кәріліктен қыржым түскен қабақтарын бір көтеріп маған қарағанда байқадым.
Мен шәй әзірлейін деп ойладым. Таңғы уақытта пойызға отырған соң, түскі шәйдің уақыттында ұйықтап тұрып, шәйға енді кірістім. Әже де бұл ойымды түсініп ала дорбасын аша бастады. Мына жеп ал, мынаны ішіп ал деп қамқорлық танытып отырды. Бір кезде көзімен менің құлаққабымды бір нұсқап жіберді де, "Осы нәрсені не үшін пайдаланасыңдар" - деді. Мен: "Музыка тыңдау үшін, біреумен сөйлескенде де қажет зат қой бұл деген" - дедім. Әже болса үнін сәл өзгертіп: "Әә, музыка үшін бе? Сол сенің қандай музыка тыңдайтыныңды мен де естіп отырдым, (менің түсінбей қалғанымды түрімнен байқап) сен ұйықтап жатқанда музыкаңның дауысы маған да естіліп тұрды" - деді. Мен әженің "сенің музыкаңды мен де тыңдадым" деген сөзін лезде түсіне алмай жәй жымиып қойдым да терезеге қарап шәй іше бердім. Маған әженің бір ойды айтқысы келіп, соны осылай бастап жатқанын түсіндім, бірақ нақты не айтар екен деп аң-таң болып үнсіз отырдым. Әже тоқталған жоқ, "Сен күй тыңдайсың ба" - деді. Мен төмен қарап басымды бір-екі шайқағаннан жауабымды түсінді. Ертеде Қазанғап күйшіге Үсен төре рұқсатсыз алынған домбыра үшін айып өзіңнен, төрелігін өнерің айтсын дегенде, күйші "Көкіл" күйін оындап беріпті. Күйші домбырасы басынан уайым-қайғы арылмаған кедей қауымның ауыр өмірі, жанына батқан мұқтаждығы жайында күңірене жөнеледі. Сай-сүйекті сырқыратқан күй сазы Үсен төрені қатты толқытады. Күйші күй арқылы сөзсіз үнмен Үсен төреге біраз ойды жеткізеді. Осылай күйшінің өнерін жоғары бағалаған төре Қазанғап күйшіге төрден орын берген екен. Мен мұны екі оймен айтып отырмын. Біріншісі, өнер ол құрметке лайық. Оған лайық болу үшін орындаушы шебер болуы керек. Керемет күйді орындап берген күйші құрметке сол үшін де лайық, себебі тыңдаушыға жетті өнердің қадірі. Екіншісі, сол өнерді басқаша түсінетін қазіргі жастардың әуен деп айтып жүргендері әуен емес, құр мағынасы ұйқаспайтын сөздер, орындаушы да, орындаған әуені де өнерге лайық емес дегім келеді. Бәлкім сендерге түсінікті керемет болып көрінетін шығар. Алайда құрметке лайық өнермен таныс болғың келсе, аз да болса көңілің тыныштыққа бөленіп, ойланамын десең, осы мен айтқан Көкіл күйінен бастап тыңда да, көңіліңнен шықса қазақтың не бір мықты күйлерін тыңда. Қазақтың саналы да тәрбиелі қызы екенсің, қасыңа келіп жайғасқалы іс-әрекетің мен сөзіңнен байқадым. Осы бойыңдағы әдемілікті құр сөзге алаңдатпай, рухани байи бер қызым" - деді. Мен әжеге сөздерінің орынды екенін, еш қарсылық айта алмайтынымды және шынайы пейіліне алғысымды айтып сөзімді аяқтадым. Осыдан кейін әңгіме де, шәй да бірге мәресіне жетті. Ары қарайғы жол бойына айтқан әңгімелері немерелерінің қызығы мен қазіргі жастар туралы болды.
Бірінші болып әже түседі екен. Бір күн жолсерік болған әже шығып бара жатып: "Айғайлап жатып он сөз айтқан музыкадан, бір ауыз сөзсіз он түрлі ой түсіндіре алатын күй өнері жүз есе, тіпті мың есе артық! Ал сау бол!" - деп сөзін аяқтап, тіпті нақтылап кетті. Мен әжеге іштей риза болып отырдым да, байланыс бар жерде бейтаныс әже айтқан күйді тыңдап көруге кірістім.
Маханбетова Аяжан
302 – топ






