КӨЛЕҢКЕСІЗ ҚАЛҒАН АДАМ...

09.01.2021

Көрулер: 2190

Егер бұл шығарманың философиялық және ішінара өмірбаяндық көзқарасы бар екенін білмесем, мен оны ертегі деп қана қабылдар едім. Петерь Шлемиль кедейліктің азабын шегіп, азаптан құтылу үшін көлеңкесін сиқырлы әмиянға ауыстырады. Бірақ бұл шешім оны азаптан құтқармайды, керісінше тағы бір қайғы әкеледі. Мұндай жолмен алынған байлық оның сорына айналып, бақыт әкелмейді. Бұл оқиға бақыт байлықта емес екенін еске салады. Өмірде ақшаға айырбастауға болмайтын нәрсе бар. Кейіпкер соны ұмытып кетті. Кітапта контекст бар. Құрметті оқырман, егер сіз адамдар арасында өмір сүргіңіз келсе, алдымен көлеңкеңіз, содан кейін ғана ақшаңыз болу керегін ұмытпаңыз. Егер сіз өзіңізді дамытып, жетілдіру үшін өмір сүргіңіз келсе, онда сізге ешқандай кеңес қажет емес. Сонымен «бұл көлеңке нені бейнелейді?».

Көлеңкенің болмауы әзәзілмен келісімнің белгісі екені анық. Бұл кемшілікті басқа кейіпкерлер бірден көріп, тез арада Шлемильден бас тартады. Менің ойымша, көлеңкенің болмауы адамның қоршаған ортадағы өз орнын білдіреді. Ол толассыз байлыққа қарамастан, қоғамдағы өз орнын айқындай алмады. Алғашында ол көлеңке моральдық құндылықтарды да білдіргендей болды, бірақ Шлемиль өз жанын сатқан жоқ. Өзінің қателігінен сабақ алып, екінші рет соны қайталамады. Егер ол көлеңке үшін өз жанын айырбастаған болса, өзіндік құндылықтардан аттаған жанға айналар еді. Ондай жандар өмірде көп. Бірінші сынақтан өте алмай, тағы сәтсіздікке ұрынады.

Одан бөлек сұр пальтодағы адам жаман ниетті алаяқтарды бейнелейді. Яғни келісімшартқа тұрған кезде бірнеше рет шешімді ой елегінен өткізіп, асықпау керек. Алаяқ қанша жерден аңқау халықты алдағанымен, ол да нақты бір жетістікке, бақытқа жете алмады. Өмірде әр нәрсенің сұрауы бар. Шлемильдің де сұрауы болды. Ол қанша жерден оқшауланып, көпшіліктен шет қалса да, соңында ол үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Бұл шығарманың ертегі сипаты болғанымен, жоғары моральдық құндылықтарды насихаттап, адамға ой салады. Оқырман оқи отырып, шешімді өзі шығарады. Бірақ соңында күтпеген жағдаяттар орын алады.

 

Скендирова Қырмызы