«КӨКІЛ» КҮЙІНЕ ЖОЛСАПАР ОЧЕРК
Көрулер: 2158
«Көкіл» күйінің пайда болу тарихында айтылғандай, Қазанғап сияқты ел кезіп, атқа мініп даланы араламадым. Жаңа заманның құдіреті. Қалаған жеріңе жеткенше ұйықтаймын, тамақ ішем не ән салып, жолаушылармен достық орнатам десең де, өз еркің. Ал мен құлаққапты құлағыма салып, жаны жоқ жан досыма айналған қойын дәптерім мен қаламды ермек етемін. Дәл сол мезетте адамды бір жағынан қимастық, бір жағынан тағатсыздана күту сезімі билейді. Әрі құлақтағы құлаққап та соны сезетіндей сол мезетте мұңды бір әуенді тауып алады. Пойыз терезесінен табиғатқа телміріп қарағанда басыңа небір ой келеді.
Мектеп кезінде бірнеше қалаға жарыс бойынша сапарға шығатын сәтте осы қойын дәптерге өзге ойларды емес, өмірімде бірінші рет көрейін деп отқан қаладан алған әсерді, жаңа таныстарымды жазатынмын. Оны бір жерге жариялап, біреумен бөлісу үшін емес, өзім соны оқып, қайта сол әсерді сезіну үшін. Сол ескі қойын дәптерімді алып шығып, «Көкіл» күйін тыңдап отырып, бүгін қайта оқып шықтым. Арасында күлдім де, өкіндім де, менің сонша аңқау әрі ақкөңіл бала көңілім қайта оралғандай. Былай делінген:
«Мектеп бұйрығы шығып болмай, Ақтауға бармаймын-ау деп ойлап отыр едім. Киімімді қайта шығарып, билетімді тапсырайын деп тұрмын. Өте өкінішті. Бұл сапар мен үшін өте маңызды еді. Бірақ пойыздың жүруіне 2 сағат қалғанда, «барасың» деп хабарласты. Есім шығып, асығып заттарымды реттестірдім. 1 сағат қалды. Тез такси шақыру керек. Қарғыс атқыр кептеліс. Қайта-қайта хабар келіп жатыр. «Тездет, пойыз жүруге аз қалды». Кешіктім. Ақыры жолым болмаған екен деп күйіп-пісіп жатырмын. Сөйтсем пойыз әлі жүрмепті. Уф деп міндім.
Ал енді не үшін мен осы Ақтауға асықпын? Ешкім күтіп тұрған жоқ, қасымдағы жандар таныс емес. Алайда бұл сапар мені өзгертетініне сенемін. Қазіргі таңда қабаттасып кеткен ҰБТ-ға дайындық, үйдегі келеңсіздіктер, достықтағы сатқындық. Осының бәрі жегідей жеп кеткен мені осы қала бір сәт болсын көңілімді аулайды. Ендеше маған сәт сапар!»
Мүмкін, бұл сапар мені өзгертті немесе өзгертпеді, ол жағын қазір білмеймін. Бірнеше жыл өтіп, ол кездегі ойларға қайта келмесем де, күй құдіреті соны сезінуге мүмкіндік берді.
Скендирова Қырмызы






