Онлайн креатив: бастысы маңызды

07.01.2021

Көрулер: 2010

Әдетте, жақындарыммен жолыққанда: «Студенттік өмірді сезіндің бе» деген сұрақты көп қойып жатады. Олардың қызықтап сұрауына қарағанда, студенттік шақ адам өмірінің ұмытылмайтын уақыты ма, деп ойладым. Студенттік өмірді толықтай сезінбесем де, мен оларға “иә” деп жауап қайырып жүрмін. Бірге оқитындардың көпшілігі бұрынғыдай, дәстүрлі оқуды қалап жүрсе, мен үшін қашықтықтан оқудың пайдалы жағы көп болды. Себебі пандемия кезінде онлайн оқу уақытыңды үнемдеп, кітап оқуға, жан-жақты дамуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, вируспен байланысты жағдай орын алғанға дейін, барлығы онлайн форматқа ауыса бастаған. Ал пандемия бұл процесті тездетті. Басқаша айтқанда, карантин кезінде біз үшін көптеген бағдарламалар мен қосымшаларды игеруге мүмкіндік туды. Байқасақ, Корея, Жапония, Германия сияқты технологиялары дамыған елдерде онлайн оқыту бұрыннан жолға қойылғандықтан, салыстырмалы түрде, қашықтықтан білім алу жеңіл өтіп жатыр.

         Мен журналистика факультетінің ағылшын тобында оқимын. Шетелдік студенттермен бірге оқу, жан-жақты дамуға шабыттандырады. Біз жүзбе-жүз таныс болмасақ та, алғашқы сынақтарды бірге тапсырғандықтан, жақын араласатын болдық. Сабаққа бір мезгілде бас қосатын түрлі елдердегі студенттерді тек оқу байланыстырса да, біз бір-біріміз туралы көп білдік. Тарихымыз бен тіліміз, дініміз бен діліміз әртүрлі, дегенмен бір-бірімізге көмектесуге дайынбыз. Сенен мыңдаған шақырым алыс жердегі шетелдік досыңның мәселесіне бірге уайымдап, оны шешуге тырысып жатқаныңды да байқамай қаласың.

         Қысқасы, кез-келген қиын жағдайдың жақсы жағын ғана көріп, өз-өзіңді дамытуға пайдалану керектігін түсіндім. Себебі уайым, өкініш сияқты негативті сезімдер еш пайда әкелмейді.

Журналистика факультеті, 1 курс

Мұрат Қымбат