Scopus Awards Kazakhstan 2022 халықаралық сыйлығы

18.11.2022

Көрулер: 695

2022 жылдың 15 қарашасында Астанада халықаралық Scopus сыйлығы табыс етілді. Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі мен «Elsevir» компаниясы Scopus журналдарына ғылыми мақала жариялап, табандылығымен көзге түскен ғалымдарды құттықтады.

 

Халықаралық Scopus Awards Kazakhstan 2022 – ғалымдар жетістіктерінің объективті көрсеткіші. Жеке автордың отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі жарияланған ғылыми мақалаларымен және оларға халықаралық журналдарда сілтеме жасалуымен өлшенеді. Әрбір зерттеушінің ғылымның дамуына қосқан үлесі Scopus мәліметтер базасы арқылы бағаланды.

Scopus Awards Kazakhstan 2022 марапатына ие болғандардың қатарында кафедрамыздың профессоры Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы да бар.

Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы – Қазақстанның жетекші ғалымдарының бірі, ҚР БҒМ ҒК «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты» молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі. Ғылыми жобаларға белсенді қатысады. Соның нәтижесінде оның шетелдік журналдарда 56 мақаласы жарияланып, барлығына мыңнан астам рет сілтеме жасалды. Тек 2022 жылы оның жұмысына 88 басылымда сілтеме жасалды. 

Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы өзінің ғылыми-зерттеу қызметімен қатар Қазақстанның жас буын ғалымдарын тәрбиелеуге зор үлес қосуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының магистратурасы мен докторантурасында сабақ беріп келеді. «Геномика және протеомика», «Постгеномдық биотехнология», «Про- және эукариоттардың функционалды геномикасы», «Өсімдіктер популяциясының генетикасы» және т.б. пәндер бойынша дәрістер оқиды.

Ерлан Кеңесбекұлын биохимия, генетика және молекулалық биология салаларына қосқан үлесінің жоғары бағаланып, беделді халықаралық сыйлықпен марапатталуымен құттықтаймыз! Ерлан Кеңесбекұлына зор денсаулық, еңбекте табыс, бар жақсылықты, сәттілік пен береке тілейміз!

 

Кафедра ұжымы мен аға оқытушысы Б.А.Ертаева