«Әлішер Науаидің өмірі мен шығармашылығының оқытылуы және жалпы адамзаттық идеялардың көріну мәселесі» атты онлайн-семинары

«Әлішер Науаидің өмірі мен шығармашылығының оқытылуы және жалпы адамзаттық идеялардың көріну мәселесі» атты онлайн-семинары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасы мен «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының бірлесіп дайындаған кезекті семинары «Әлішер Науаидің өмірі мен шығармашылығының оқытылуы және жалпы адамзаттық идеялардың көріну мәселесі» атты тақырыппен жалғасын тапты. Семинар беруші Ашурова Гүлбахор – Өзбекстан мемлекетінің Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік университеті, Өзбек тілі мен әдебиет бөлімінің ф.ғ.к., доценті.

Семинар барысында Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мемлекеттік қайраткері Әлішер Науаидің шығармашылық өмірі мен оның еңбектерінің зерттелуі жайлы сөз қозғалды.

Науаи шығармалары 15 ғ. өзінде Мауараннахр мен Хорасанды ғана емес, Иран, Әзірбайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына да тарады. Ақын шығармалары 19 ғ. орта шенінен шығыстанушы ғалымдардың назарын аудара бастады. Науаи өнерін зерттеуге қазақ ғалымдары да үлес қосуда (М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Р. Бердібаев, К. Сейдеханов). Ұлы шайырдың мерейтойы Кеңес Одағы көлемінде аталып өтті (1948, 1968). Шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Таңдамалы өлеңдері қазақ тілінде екі рет (1948, 1968) кітап болып басылды. Айбектің «Науаи» романы қазақша жарық көрді (1950) (Қазақ энциклопедиясы, 7 том).

Семинардың қорытындысында орталығымыздың директоры Шадкам Зубайда қазіргі жастардың ортағасыр түркі тілінде, шағатай тілінде жазылған, әлі де зерттелмеген еңбектерді зерттеу керектігін, түпнұсқа материалдарын оқи алатын мамандарды даярлау маңыздылығын атап өтті.

Семинардың соңында Түрксой кафедрасының меңгерушісі PhD У. Т. Кыдырбаева ғылыми бағытта  екі университет арасында ынтымақтастықтың нығайтатынын айтып, факультет ұжымы атынан алғыс білдірді.

Кайранбаева Н.Н.

Басылым күні :  01.04.2021