Жоба аясында Іс-шаралар

4-5 Казанда халықаралық конференция "Далалық медицина: деректері, тарихы, қолданылуы, ұғымдары мен терминдері"

04.10.2022

«Далалық медицина: деректері, тарихы, қолданылуы, ұғымдары мен терминдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы
2022 жылы қазан айының 4-5 жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен АР09259326 «Дастур ал-'илаж» – далалық медицина дереккөзі» ғылыми-зерттеу жобасы аясында «Далалық медицина: деректері, тарихы, қолданылуы, ұғымдары мен терминдері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция ортағасырлық медицинаның тарихи-мәдени маңызын кең көлемде саралау, халық емшілік мәдениетінің қалыптасу, даму, таралу үдерісін зерделеу, зерттелу деңгейін, мәселелерін қарастыру, бүгінге жеткен медицина тақырыбындағы жазба жәдігерлердің зерттелуіне назар аудару мақсатында ұйымдастырылды.Шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен конференцияда этномедицинаның терминдік мәні мен ерекшеліктері, тарихи бастаулары; халық медицинасының әлеуметтік-экономикалық, ғұрыптық, діни-культтік және басқа да этникалық мәдениеттің аспектілеріндегі көрінісі; медицина саласындағы ортағасырлық жазба жәдігерлердің зерттелуі; түркі халықтарының емшілік мәдениеті; халық медицинасы саласындағы мәдениеттер мен ғылымдар тоғысы сияқты бағыттарда баяндамалар жасалды.  Онлайн форматта жоспарланған конференцияның бірінші күні Шығыстану факультетінің деканы проф. м.а., доцент Н.Б.Ем және Түрксой кафедрасы меңгеруші PhD К.Габдуллин және «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры профессор м.а., доцент З.Шадкамның құттықтау сөздерімен ашылды. Аталған жиынға Түркия, Польша, Иран Республикасынан және Қазақстаннан зерттеуші ғалымдар қатысып, дала медицинасы туралы тың деректермен бөлісті. Шетелдік ғалымдар арасында  Караманоғлы Мехметбей Университетінің профессоры И.Н.Уйсал (Түркия), Қыршехир Ахи Евран университетінің доценті Ш.Д.Бахадыр (Түркия), А. Мицкевич университетінен PhD Ү.Қыдырбаева (Польша), Алания Аркан Йылмаз колледжінен оқытушы әрі зерттеуші М.Гүлтекин (Түркия), Измир университетінің докторанты Р.Читилов (Түркия), «Bolashaq» академиясының доценті С.К.Болдыш (Қазақстан), Тарбиат Модаррес университетінің доценті Н.Дорри мен аталған университеттің студенттері Ш.Амири, Ф.Уаһидния (Иран), Өзбекстан Республикасы ҒА А.Беруни атындағы Шығыстану институты С.Каримова (Өзбекстан) тб. отандық және шетелдік жас ғалымдар қатысты. Оффлайн форматта өткен конференцияның екінші күнінде  Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының оқытушысы PhD С. Кошумжу, Филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар бойынша орынбасары PhD К. Сұлтанбек, ҚР ҒЖБ ҒК «Академик Қ.И. Сатбаевтың мемориалдық музейінің» директоры, докторант Ө. Тұяқбаев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессор м.а., ветер.ғ.к. Қ. Орынтаев, Түрксой кафедрасының оқытушысы PhD М.Исаханова, «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері Ш. Сәуле, Түрксой кафедрасының оқытушысы, докторант Н. Кайранбаева және т.б. далалық медицина дереккөздерінің зерттелуі мен сипатына байланысты баяндама жасап, өзара пікір алмасты.  Конференция соңында «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры профессор м.а., доцент З. Шадкам аталған іс-шараға ат салысқандарға алғысын білдіріп,  барлық баяндамашыларды сертификатпен марапаттады. Келешек ұрпақтың еншісінде қалатын ортағасырлық жазба жәдігерлердің зерттелуі отандық ғылымның кез-келген саласында маңызды орынға ие. Еліміздің түпкір-түпкірінде әлі де зерттелмеген қолжазба материалдарын жинаумен және оларды зерттеумен айналысатын орталықтың жұмысы келешекте осындай іс-шаралардың жалғасуымен одан әрі дамитынына сеніміміз мол. 
Кайранбаева Н.Н.

Ары қарай оқу >>