Жобаның өзектілігі, мақсаты мен міндеттері

Жоба туралы қысқаша ақпарат

Жоба аты

 

АР09259326 «ДАСТӮР АЛ-‘ИЛĀЖ» – ДАЛАЛЫҚ МЕДИЦИНА ДЕРЕККӨЗІ»

Жоба өзектілігі

 

Көшпелі халықтардың этномедицинасы (одан әрі «этномедицина» терминін біз «халықтық медицина» терминімен байланыстырамыз және оны белгілі бір халықтың күнделікті өмірінде қолданылатын емдеу әдістері мен құралдарының жиынтығы ұғымында қолданылады) – «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбының және Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының этномәдени жүйесін зерттеудегі маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан территориясында ортағасырларда объективті себептермен халықтық медицина басым болды. Санғасырлық халық медицинасын жаңа этнографиялық материалдармен толықтыру ғылым үшін де, күнделікті өмір үшін де қажетті. Ортағасыр далалық этномедицина тарихын зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы үлкен.

Ұсынылған жобада жазба мұралар негізінде көшпенді жұрттың емдеу мәдениеті мен тарихын зерттеу мақсаты қойылады. Медициналық мазмұнда жазылған ортағасырлық мұраның бірі - Көшкінші ханның (1432-1530) жеке дәрігері Сұлтан Әли әл-Хорасани (1533 ж. кейін қ.б.) қаламымен XVI ғасырдың бірінші жартысында (нақтырақ, 933/1526-27 жж.) жазылған «Дастӯр ал-‘илāж» («Емдеу дәстүрі») еңбегі. Шығарма – көшпенді халық арасында жиі қолданылған емдеу әдістері мен дәрі-дәрмектерді жасау жолдары туралы мол мәлімет беретін құнды дереккөзі. Жобаны атқару нәтижесінде отандық және шетелдік қорлардағы түркі медициналық мұралары зерттеліп, соның ішінде шағатай және парсы тілдеріндегі «Дастӯр әл-‘илāж» трактатының мәтіні қазақ тіліне аударылып, ғылыми қауымға ұсынылады.

Халықтық медицина мен ұлттық емдеу жолдары кодификацияланған, жүйеленген, үйретілген және кеңінен қолданылған деп тануға болады және олар мыңдаған жылдық тәжірибемен қалыптасқан. Екінші жағынан, бұл өте құпия, мистикалық және жергілікті жерлерде оның тәжірибесі ауызша немесе жазбаша түрде жеткізілген. Көшпелі дала халықтарының медицинасы бай мәдени құрылымға ие және ол әр түрлі жазба мұралар беттерінде сақталған. Әр түрлі этникалық топтар мысалында халықтық медицина дәстүрлеріне этнографиялық зерттеулер жүргізу, халық арасына кеңінен насихаттау және оларды практикада қолдану бүгінгі күннің ғылыми бағыты үшін актуалды, сонымен қатар, практикалық маңыздылыққа ие.

 

Жоба мақсаты

 

Жобаның мақсаты – XVI ғасырдың бірінші жартысында Көшкінші хан (1432–1530) және оның ұлы Әбу Сағид ханның (1533 ж.қ.б.) жеке дәрігері Сұлтан Әли ал-Хурасанидің (1535 ж. кейін қ.б.) «Дастӯр ал-‘илāж» («Емдеу дәстүрі») трактатын кешенді зерттеу және оның халықтық медицина тарихы мен мәдениетіне қатысты деректік маңызын анықтау.

Жоба міндеттері

«Дастӯр ал-‘илāж» ортағасырлық медициналық шығармасы мәтініне толықтай ғылыми зерттеулер жүргізілмеген. Шығарма бүгінге екі тілде: парсы және түрік (шағатай) тілдерінде жетіп отыр және оның қолжазбалары Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Үндістан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Германия және т.б. бірнеше елдердің қорларында сақталған. Осыған байланысты жобада мынадай міндеттер алға қойылады:

-        республикалық және шетелдік қорларда сақталған трактаттың қолжазбаларын анықтау, сәйкестіктерін зерттеу; сол арқылы шығарманың таралу ауқымын, көшірушілер мен оқушылар, тұтынушылар ортасын анықтау, шығарманың қай тілде көп көшірілгенін және ең көне нұсқасы қай тілде сақталғанын, алғашқы немесе содан көшірілген қолжазбасын табу;

-        шығарма алғаш қай тілде жазылды деген сұраққа жауап іздеу және қай тілдегі нұсқасы толық ия кем екенін анықтау үшін парсы және түркі тіліндегі нұсқаларындағы трактат қолжазбаларының құрамын, көлемін және мазмұнын анықтау;

-        трактаттың шығу тегі мен алғашқы жазылған түпнұсқа тілін анықтау, осы міндет барысында қай нұсқасының редакцияланғанын немесе қысқартылғанын байқау, мәтіннің қай тілге аударылғанын анықтау;

-        шығарманың мәтінін қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізу үшін трактат мәтініне сыни талдау жасау;

-        интеллектуалды тарихи тұлғалардың дала халықтары арасында медицинаның, емшілік қнердің, халықтық ем-дом дәстүрлерінің дамуына және қалыптасуына тигізген әсерін зерттеу, сол арқылы ортағасырлардағы халық медицинасының даму кезеңдерін анықтау;

-        шығармадағы тілдік бірліктерді, терминдерді, медициналық атауларды, т.б. зерттей отырып, көшпелі халықтар арасындағы медициналық білімнің деңгейін және ерекше белгілерін анықтау;

-        осы саладағы жас зерттеушілердің біліктілігін арттыру.

            Алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мынадай іс-шаралар атқарылады: археографиялық экспедициялар ұйымдастырылады; халықтық медицинаның тарихы мен мәдениетіне қатысты ортағасырлық жазба мұралар зерттеледі; жоба тақырыбына сай арнайы семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылады; жоба орындаушылары жазба деректерді зерттеу бойынша шеберлік сабақтарға қатысады.