Білім берудің сандық құралы

18.11.2020

Көрулер: 2118

2020 жыл бүкіл әлемді жайлаған пандемияға байланысты білім берудің барлық саласы онлайн форматқа ауысты. Әрине, онлайн оқытудың кемшіліктері көп болғанмен, артықшылықтары да баршылық. Дүние жүзі бойынша онлайн оқытудың жаңа технологиялары дамып келеді. Білім алу үшін ешқандай шектеу жоқ! Тіпті түрлері жетіп артылады.

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында тыңдаушылар жан-жақты білім алып, карантинде өтіп жатқан уақытты бос өткізбеуде. Игерілген материалды есте сақтау мақсатында, уақыт бойынша шектеулі сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беруге үйренуде, тыңдаушылардың бір-бірімен білім сайысында бәсекелестігін арттыру мақсатында физика сабағында жарыс өтіп тұрады. Quizizz бағдарламасының көмегімен тыңдаушылардың білім деңгейі жіті тексеріліп отырады.

Quizizz сандың құралы – тек баланың білім деңгейін тексеру үшін ғана қолданылмайды, балаларды тез жалықтырып жіберетін тестті ойын түрінде өткізетін өте ыңғайлы бағдарлама болып табылады. Ойынға қытасу үшін смартфон (немесе компьютер) мен интернет керек. Ал тестті өтілген тақырыптар, баланың деңгейі бойынша оқытушы өзі құрастырады.

Ойын барысында тыңдаушылар оқытушы жіберген код (пароль) арқылы жүйеге кіреді. Шектеулі уақыты бар әр сұрақтарға жауап береді. Әр өтілген сұрақ сайын дұрыс жауап берген қатысушы алдыңғы қатарға ауысып отырады. Ең көп қате жіберген бала, әрине, тізім соңында қалады.

Сандық бағдарлама баланың интеллектуалды ойлау қабілетін арттырады. Ойынды бірнеше рет қайталау нәтижесінде формулалар жатталып, қиын сұрақтар есте қалады. Бұл ойын тіпті сабақ кезінде бәсең жұмыс істейтін баланың өзін қызықтырып жібереді.

1, 2, 7-ші топтар арасында өткен жарыс нәтижесінде сабақ барысында өзін көрсете алмайтын тыңдаушы алдыңғы қатарға шығып, білім дейгейімен таң қалдырды. Ойын балалардың көңілінен шықты.