Кафедраның тарихы

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің жалпы білім беретін кафедрасы 1985 жылы маусым айында КСРО-ның Жоғары және орта арнаулы білім беру министрлігінің №425 бұйрығымен құрылған болатын. Басты мақсат – шетел азаматтарын  жоғары оқу орындарына оқуға түсуге дайындау.

Алғашқы жылдары ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасына 54 мемлекеттен, Қытай Халық Республикасы, Моңғолия Республикасы, Түркия, Иран, Ауғанстан Ислам Республикасы, Пәкістан, Франция тағы басқа елдерден, кейінгі жылдары ТМД мемлекеттерінен қазақ диаспорасы өкілдері келіп білім алды.

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы ұжымының алдында мынадай міндеттер тұрды:

  • ҚР жоғары оқу орындарында тыңдаушыларды білім алуға және кешенді тестілеуге дайындау мақсатында оқу үдерісін жетілдіру және күшейту;
  • мемлекеттік тілде алған білімдерін жүйелендіру, маңызды ұғымдарды меңгерту, жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға қажетті білімдерін толықтыру;
  • оқу үдерісіне  білім берудің тәсілдері мен инновациялық әдістерін енгізу;
  • пәндерді қазақ және орыс тілдерінде шет тілі ретінде оқытудың ғылыми  әдістемесін әзірлеу, оның нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу;
  • студенттердің қазақ және орыс тілдерінде кәсіби-оқу, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени және қоғамдық-саяси саладағы коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру.

2001 жылдан бастап кафедра шетелдік қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған дайындық бөлімінің жұмысын өз міндетіне алды. Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жұмыс отандастарымыздың атамекеніне оралуына және еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорының 10.02.2009 жылғы №20   бұйрығы және университеттің  Ғылыми кеңесінің 27.02.2009 жылғы №4 шешімімен кафедра «ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы» деп аталынып, өз жұмысын жаңа бағытта бастады.

 

Кафедра меңгерушілері

Аққошқарова Құралай Ахметқызы – профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты.

1972 жылы ҚазМУ-дың физика факультетін бітіргеннен соң, Мәскеу қаласындағы А.А.Байков атындағы металлургия институтына аспирантураға жіберілді.1976 жылы «Некоторые закономерности взаимной диффузии в многофазных бинарных системах» атты кандидаттық диссертация қорғады.

1976 жылдан бастап 1985 жылға дейін физика факультетінде аға оқытушы, доцент, 1982-1984 жылдар аралығында деканның орынбасары болып еңбек етті.1985-2001 жылдары жалпы білім беретін пәндер кафедрасының меңгерушісі, 1998-2003 жылдарышетелдік азаматтарға арналған дайындық факультетінің деканы, 2003-2009 және2009-2013 жылдары жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2006 жылдан ҚР Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.        

 

   

Алдабек Нұргүл Әбдіразаққызы– филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен  бітірген.

1996-1999 жылдар аралығында әдебиет тарихы және сыны кафедрасының аспиранты болды

2009 жылдан бастап ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының доценті қызметін атқарды.2009-2013 жылдар аралығында ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы меңгерушісінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. 2013 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың ақпаны аралығында жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі болды.

30-дан астам ғылыми-әдістемелік мақаланың және әдістемелік құралдардың авторы.

 

Асанов Наухан Алтайұлы– педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

1972 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін бітіргеннен кейінҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтында еңбек етті. ҒЗИ-да жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша диссертация қорғап, химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2005 жылы педагогика ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Университеттік білім беру жүйесіндегі оқу үдерісін басқарудың педагогикалық негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

2014 жылдың 17 ақпанынан бастап ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.

Н.А.Асанов 170-тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектің авторы, ионалмастырғыш полимерлерді алу тәсілдерін ашу бойынша авторлар бірлестігінің құрамында 4 авторлық куәлік алды.

   

Мырзабеков Молдахмет Сейдахметұлы - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

1995 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық қатынастар және Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты кафедрасының жанындағы аспирантураға қабылданды. 1999 жылы «ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы Қазақстан мен Германияның саяси-экономикалық ынтымақтастығы» тақырыбында кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғап шықты. 2000-2003 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі болды.

2016-2022 жылдары жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Мырзабеков М.С. 40-қа жуық ғылыми мақала шығарған.

 

Сартаев Спатай Алтынбекұлы - заң ғылымдарының кандидаты, доцент

2022 жылдан бастап ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі

1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне түсіп, 2000 жылы "Құқықтану" мамандығы бойынша "заңгер" біліктілігін бітірген.  2002-2004 жж. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде заң ғылымдарының магистрі біліктілігін алды
Түрлі басылымдарда елуден астам ғылыми еңбектердің авторы. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген төрт куәлігі бар.  
ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің, ҚР БҒМ ҰТО сарапшысы, сондай-ақ білім берудегі сапаны қамтамасыз ету бойынша (IQAA) Тәуелсіз агенттіктің сарапшысы болып табылады.

Негізгі ғылыми нәтижелер факультеттің  ҒЗЖ  тақырыптық жоспарына   сәйкес жүргізілді. Кафедра 2009 оқу жылынан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің қаулыларын, ҚР «Білім беру туралы» Заңын, ҚР Үкіметі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаулыларын, университеттің жаңа Даму Стратегиясының ережелерін, факультетіміздің Даму Стратегиясы, жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Кафедра ұжымы ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыбы бойынша, сонымен қатар университеттің, факультеттің стратегиялық жоспарына енген келесі міндеттерді  іске асырып келеді: 

  • Кафедраның оқытушы-профессорлары университет ішілік жаңа жүйеге сәйкес оқу үдерісіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізуге атсалысады; тыңдаушыларды оқытудың әдіснамалық аппараттарын жаңартып, инновациялық оқыту технологияларын меңгеруге ден қояды; компьютерлік технологияларды енгізеді (дәріс, практикалық сабақтарында проектор, слайд, презентациялар қолданысқа кіре бастады);
  • оқу үдерісінде оқыту сапасын жетілдіру және тыңдаушылар білімін тереңдету мақсатында әлемдік ғылыми жетістіктерге кеңінен назар аударылып, олар арнаулы, таңдаулы курстар бойынша жұмыс бағдарламаларында  қолданыс тапты;
  • кафедра оқытушылары   арнаулы  пәндерден  қазақ және орыс бөлімдерінің тыңдаушыларына арнап оқу құралдарын, оқу-әдістемелік құралдарын,  әдістемелік кешендерді дайындайды.

Қазіргі таңдағы кафедра жұмысының негізгі бағыты – ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тыңдаушыларды, шетелдік азаматтарды, ҚР азаматы болып табылатын тыңдаушыларды кешенді тестілеуге даярлау болып табылады. Осы мақсатта олар 3 негізгі пән (оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық) және профильдә пәндердің (математика, химия, физика, география, биология, информатика, дүниежүзі тарихы, ағылшын тілі, құқық, қазақ тілі, қазақ әдебиеті) интенсивті курсын оқиды. 

Қазақстан  мен Ауғанстан арасындағы 2017 жылғы 17 тамыздағы меморандум шеңберінде жылда гуманитарлық және техникалық мамандықтар бойынша  докторантураға-2, магистратураға-12, бакадавриатқа-16 адам қабылданады.

 АИР-дан келген шетел азаматтарына  педагогика, инженер, техника, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қауіпсіздік мамандықтары бойынша  топтарға бөлініп оқытылды. Қазақстан тарихы, математика, физика, биология пәндері қазақ тілінде жүргізіледі.

Факультетте дәстүрлі түрде жылда  Студенттер мен жас ғалымдардың "Фараби әлемі" атты халықаралық ғылыми конференциясы болып тұрады. Жоғары білікті профессор-оқытушылық құрамының жетекшілігімен шетелдік дарынды тыңдаушылар қазіргі ғылымның өзекті мәселелері бойынша қазақ және орыс тілдерінде зерттеу жұмыстарына қатыстыра алады.

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының жанында 2017 жылы "Зерде" оқу-білім беру орталығы ашылды. Орталық негізінен кешенді тестілеуде келетін барлық пәндер бойынша дайындық жүргізді.

2023 жылдан бастап “ZERDE” оқу - білім беру орталығы өзінің ребрендингін жаңартып, мақсат, бағыт-бағдарын нақтылап, жұмыс істей бастады.         Орталықтың логотипін  ауыстырып, толық концепциясын,  миссиясын, ұстанымы мен стилін өзгертті.         Орталық ҰБТ-ға кешенді тестпен даярлайды және әртүрлі тілдік деңгейде білім береді.  “ZERDE” оқу -білім беру орталығы жыл бойы ақылы жұмыс істейді. Сабақ кестесі білім алушының сұранысына сай құрылады. Кешенді тестілеуден жоғары балл жинап, Қазақстандағы ең жоғары дәрежелі оқу орнының студенті атанғысы келетін талапкер осы орталыққа келіп дайындалуға болады.Шетелдік талапкерлерге шақыру визасымен қамтамасыз етіледі. Оқу барысында тыңдаушылардың оқу деңгейін бағалау әрі байқау мақсатында тесттер өткізіледі.

Егер сіз Қазақстандағы ең жоғары дәрежелі оқу орнында оқып, сапалы білім алып, Кешенді тестілеуде жоғары балл жинағыңыз келсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне келіңіз.