ОҚЫТУШЫ МЕН СТУДЕНТ. МОНОЛОГ ПЕН ДИАЛОГ...

10.10.2022

Көрулер: 1068

  • Қасиетті қара шаңырақ Журналистика факультетінің дәлізіне баспалдақпен көтеріліп келе жаттым. Әр баспалдағы, әр қабырғасы сөйлеп тұрғандай, үн қатқандай болды. Дәлізге жетіп, оңға бұрылып едім, 226 аудиториядан араның ұясындай құжынаған студенттердің шулаған дауыстары естілді. Оң қолыммен аудиторияның есігін ашып, ішке кірдім. Лық толған студенттер дем арада орындарына жайғасып, амандасып, ілтипат білдіре бастады.
  • Барлығы емін-еркін. Қолдарында ұялы телефондары, мойындарында ажырғы іспетті құлаққаптары. Партаның үстінде Мұхтар Әуезов пен Шерхан Мұртазаның кітаптары.
  • Аудиторияға зер салып бір қарадым да, берілген тапсырманы сұрай бастадым. Жүз жылда бір туатын, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Қазақтардың космологиялық түсініктері» деген зерттеу еңбегін студенттер біртіндеп талдай бастады. Студенттердің бірі «мен бұл еңбектен жаңалық таппадым» десе, енді бірі «мен бұл еңбектен қаншама жаңа ақпараттар алдым» деп таңырқап жатты. Қазақ халқының жұлдыздар туралы астрономиялық түсініктерін талдай бастаған бір студент: «Апай, білесіз бе, мен Ақтөбе қаласына жақын маңдағы бір ауданда тудым. 18 жасыма дейін аспанға қарағанымда, жұлдыздарды көре алмадым. Себебі, көру қабілетім туғанымнан нашар болды. Содан кейін, 18 жасымда көзіме ота жасаттым. Сол кезде аспанға қарағанымда, жыпырлап тұрған жұлдыздарды көріп көзіме жас алдым. Шынымды айтсам, сол кездегі әсерімді сөзбен жеткізе алмаспын» деді ағынан жарылып. Күллі студенттер шу ете қалып, қол шапалақтады.
  • Ежелден қазақ халқы күннің көзіне тура қарамағанын, айды да, күнді де құрметтегенін, жұлдыздарға қарап ауа райын болжағанын, астрономиялық ілімнің сол кезде-ақ дәуірлегенін айтып, өзара кеукеулескен студенттердің сабаққа үлкен дайындықпен келгеніне іштей риза болдым. Келесі кезек мақалаға ойысты. Әр студент қолын көтеріп, жапатармағай мақалаларын оқығысы келді. Алғашқы студенттің мақаласынан қазақ тіліне деген жанашырлығын, еліне, жеріне деген кішкентай ғана болса да өзіндік үнімен үлес қосқысы келген ұмтылысын байқап, жүрегімді ерекше бір сезім ұшқыны селт еткізді.
  • Студенттер бірінен соң бірі мақалаларын оқып, әртүрлі пікірлерін білдіріп жатты. Қозғамаған тақырыптары жоқ. Өз тілімізде дәл әрі бірегей анықтамасы бола тұра, құлаққа түрпідей тиетін терминдерді жөн-жосықсыз қолданатын журналистерді, тіпті, «айту керексің», «барады ма», «жылулық» деп әдеби тіл нормасына жат сөздерді республикалық арналарда, газет беттерінде жиі қолданатын журналистерді де сынап, сын мақала жазып келген студенттер де болды. Енді бірі поэзияны зерттесе, келесі бірі әйел мен ер адамдардың қоғамдағы теңдігі мен теңсіздігін зерттеп, сараптамалық талдау да жүргізді.
  • Келесі тапсырмаға де кезек келді. Уақыт сүзгісінен сүрінбей өткен, жер әлемінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған әлем әдебиетінің ірі өкілдерінің соны туындыларын талдау. Айбыны сесті, қайсарлығымен дүниені дүр сілкінткен Джек Лондонның «Өмірге деген сүйіспеншілік» атты туындысын студенттер қауымы зор ынтамен талқылап, кейіпкердің өмір үшін күресінің ащылығын суреттеп жатты. «Осы уақытқа дейін әлем әдебиетін мүлде оқып көрмеппін. Себебі, ең алдымен, қазақ әдебиетін толық оқып бітіруім керек деп ойлап едім. Ал, қазір туған еліңнің әдебиетін де, әлем әдебиетін де қатар оқу керектігін жақсы түсіндім» - деді бір студент оқыстан орнынан тұрып.
  • Орнынан баяу ғана тұрған тағы бір студент: «Апай, білесіз бе?! Бұл шығарма маған өте қатты әсер етті. Адам дүниеге шыр етіп келгенде, өмірді сүйіп келеді екен. Тіпті, сансыз сынақтардан өтсе де, соңғы демі қалғанша өмір үшін күреседі.Осы шығарма арқылы әр адамның өмірге өзіндік миссиясымен келетінін тереңінен түсіндім» - деді. Жас та болса, пәлсапалық ойларға толы пікір білдірген студенттің таным түйсігіне тәнті болған мені бір сұрақ мазалады. Сол сұрағымды қойдым. «Ал, сіз бұл өмірге қандай миссиямен келдіңіз?!» дедім. Сәл ойланған студент: «Мен бұл өмірге айналамдағы адамдарға жақсылық жасау үшін келдім» - деді.
  • Иә, қаршадай студенттің «қызмет қуып, бай боламын, дүние аламын» деп айтпай, жәй ғана «мен бұл өмірге айналамдағы адамдарға жақсылық жасау үшін келдім» деп айтқан бір ауыз сөзі мені қатты толғандырды.
  • Аядай ғана аудитория. Бірақ, сол бір аудиторияға жүрегі мейірімге, жан-дүниесі ізгілік пен ізеттілікке, адамгершілікке толы, білімге деген құштарлығы зор, туған тілі мен діліне, әдебиет пен тарихқа сусаған кейінгі толқынның жиналғаны маған асқақ рух, болашаққа деген үлкен сенім мен зор үміт дарытты.

 

 


Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы                 Елғондинова Аружан Дидарқызы