Жастардай жалынды «Журналист» газеті

24.04.2022

Көрулер: 1185

Адамзат қоғамының даму заңдылықтарына зер салып қарап отырсақ, даусыз бір шындыққа көз жеткізуге болады, ол – қандай қоғам болса да, руханият саласының алдына белгілі бір дәрежеде мақсат, міндет жүктейтіні. Ал, ол міндеттің қалыптасқан қоғамдық, әлеуметтік, тарихи-саяси және рухани талап, тілектерден туындайтыны мәлім. Қарастырып отырған мәселеге уақыт ағымы тұрғысынан келсек, ХХ ғасыр ішінде айрықша орны бар екі сәтті айтқан абзал. Бірі – ғасыр басындағы қоғамдық-саяси хал-ахуал. Аса күрделі уақыт тұсында ұлт болашағы үшін жанын да қиюға әзір Алаш қайраткерлері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов т.б. сынды біртуар перзенттердің тарих сахнасына шығуы тарихи, рухани сұраныстан туған қажеттілік болатын. Бұл кезең ұлттық санаға сілкініс пен серпіліс әкелді. Егер ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары Қазақ деген халқы үшін қандай жолмен жүру керек, бостандық, тәуелсіздік, дербестік алу үшін не істеу керек деген сауалдар төңірегінде баспасөз бетінде өз ой-пікірлерін ортаға салса, ХХ ғасырдың 60-70 жылдары рухани өмірге араласқан зиялы қауым өкілдері ең басты міндеті етіп Адам деген аса күрделі жаратындының болмыс-бітіміне үңілуді, оны жан-жақты зерттеуді қолға алды. Оның өмірінің мәні мен маңызы, адам не үшін ғұмыр кешетіндігі күн тәртібіне өткір түрде қойылды.

 

ЖУРНАЛИСТ ГАЗЕТІ 101-ШІ ТОП (1).pdf



 

Осы тұста біз Журналистика факультеті студенттеріне «Қазақ журналистикасының тарихы» міндетті пәні аясында баспасөз тарихының теориясы мен тәжірибесін алаш публицистерінің сара жолы арқылы тізбелей өтіп, бүгінгі күннің журналистикасына табан тірейтініміз рас. Студент қауымын тек теория ілімімен сусындатпай, тәжірибе алқабына да жетелейтініміз бар. Жылдағы дағдымыз осы. Биыл да сол үрдіс қайталанды. Жаңалық жаршысындай, көктем нұрындай «Журналист» студенттердің оқу-тәжірибелік газеті тағы да жарық көрді. Көңіл көкжиегіңді кеңейтетін баспасөз қашанда рухани азық екені даусыз. Кезінде алаш публицисі Әлихан Бөкейхан: «Газетаны оқып жұрт өзін-өзі көреді, өзін өзі біледі. Мақала жазу кез келгеннің қолынан келмейді, бұған үйренген, көнбіс шеберлік керек...»,-деп орынды айтып кеткенін білеміз. Өйткені, Журналистика факультетіне түскен әр студенттен жазу, сызуды талап ете отырып, шеберлік биігіне талпындырып, қанаттандырып отырамыз. Осы жолы 101-топ студенттері өздері талпынып, ізденіп, осы «Журналист» газетін өмірге әкелді. Қадамдарыңа тек сәттілік тілеймін, қадірлі шәкірттер!

 

Римма Серікәліқызы Жақсылықбаева

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты