"Адалдық сөресі"

28.03.2021

Көрулер: 1694

Журфактағы тағы бір алаң "Адалдық сөресі" деп аталады. Бұл сөреде студенттер қызыға оқитын кітаптар тұрады. Сабақтан бос кезде сөреден таңдаған кітабын алып оқиды да орнына қайтадан қойып қойады. "Өзгелер оқыса" деген кітабы болса, оны да қосып қояды.
Бұл сөре мерейтой иелерінің кітаптарымен де толығып тұрады. Мысалы, биыл ұстазымыз Намазалы Омашевтің, әріптестеріміз Қоңыр Мұқатайқызының, Молдахан Абдраевтың, Нұржан Қуантайұлының мерейтойлары өткенде де көрме ашу рәсімінен кейін осы "Адалдық сөресіне" келіп жұрттың көзінше өздерінің жаңа шыққан кітаптарын тапсыру салтанаты болды. Бұл дәстүрге айналып келеді.
Айтса да, бұл алаңда бұрын керегені тұтас көмкерген салақұлаш сабақ кестелері жабысып тұратын. Біз оларды алып тастадық. Өйткені,Сабақ кестесі қазір әркімнің жекепоштасында да, универ жүйесінде де тұр. Керек кезде содан-ақ көре салады. Ал, әлгі сабақ кестесі жапсырмаларының орнына біз телевизор қойдық. Мұнда үнемі әлемдік, отандық және университеттік ақпараттар, сонымен қатар тарихи танымдық, рухани тағылымдық бейнежазындар үнемі көрсетіліп тұрады.
Алаңда студент сабақтан бос кезде өзінің ноутбугін немесе телефонын қуаттандырып алады да сол жерде тұрып кәмпитүрін ашып, сабаққа дайындалып алуына да мүмкіндік жасалған.
Дәл осы алаңның баспалдақтар жағындағы екі ұстынға ақпараттық көрсеткіш-бағыттағыш тақта да жасадық Тұңғыш кірген адам біздің қабаттың қай жерінде қандай дәрісхана немесе бөлме, кабинет барын бірден тауып алады. 

 

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Медеубек Сағатбек Медеубекұлы