Танымал журналист Жұмабек Кенжалин атындағы оқу-зертханалық аудитория

28.03.2021

Көрулер: 1781

 

Осыдан он жыл бұрын журфакта жеке баспасөз кабинеті -оқу залы бар болатын. Оқу залында барлық мерзімді басылымның соңғы сандарының тігінділері қатталып тұратын. Студент те, оқытушы да сабаққа керегін сол жерден табатын. Кей тігінділерді жаздырып алып дәрісханаға апарып сабақ өтетін кей ұстаз.Қалашығымызда Орталық Азияда теңдесі жоқ кітапхана ашылды да барлық факультеттердегі оқу залдары сонда тоғытылды.Біздің де оқу залымыз соның ішінде кетті.

Оқу ғимаратымыз бен кітапхананың арасы тез жүрген жаяу адамға алты-жеті минуттық жол. Десек те ортада газет- журнал тасып жүру қолайсыздық тудырды. Бұрынғыдай газетті қолма-қол ала салып, студентке көрсетіп отырып талдап, тарқатып болған соң қайта өткізе салатын заман артта қалды.Уақыт өте келе заманның өзі факультетімізге газеттердің жаңа шыққан сандарын олардың электронды нұсқаларымен бірге қарап саралауды қажет етті.

Бұл қажеттілікті өтеу мақсатында сара сөздің сардары Жұмабек Кенжалин атындағы Баспасөз және жаңа медиа оқу және ғылыми ізденіс зертханасы ашылды. Мұнда да заманауи электрондық жабдықтар мен құралдар орнатылды. Бәрі интернетке қосылған. Сабақ барысында қажетті мерзімді басылымның дәстүрлі қағаз нұсқасы мен электрондық нұсқасын бірге сараптап, саралап, талдап, талқылап шығуға, сонымен қатар кейбір әлеуметтік желілердегі ақпараттар мен дәстүрлі басылымдағы сол ақпараттарды шендестіре таразылауға мүмкіндік ашылды.Мұнда сабақтан тыс уақытта студент те, магистрант та, докторант та, жас ғалым да зерттеу жұмысымен айналыса алады.Сонымен бірге бұл зертханада Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығынан жан-жақты ақпараттар беретін қабырғаттар (қабырғадағы ақпараттар) көркем безендірілген. Ізденушілер одан өнеге алады.

 

 

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Медеубек Сағатбек Медеубекұлы