Медициналық физика мамандары жоғары сұранысқа ие

04.05.2021

Көрулер: 2706

Әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, терең және жедел өзгерістер кезеңіне аяқ басқан қазіргі таңда халық денсаулығы ең маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Мұны күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан коронавирустық пандемия айқын көрсетіп берді.

Сондықтан медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударылуда. Бұл медициналық жабдықтар мен медициналық технологиялардың дамуымен тікелей байланысты. 

Қазіргі заманғы жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды тиімді пайдалану және құру үшін физика мен медицинаның аралас салаларының мамандары өте қажет. Олар дәрігерлермен бірге емдеу және диагностикалық шараларға қатыса отырып, медицинаның жаңа әдістері мен жабдықтарын құрастырушы да болуы тиіс. Сондықтан да медициналық физика – әлемнің барлық елдерінде өте жоғары сұранысқа ие мамандық.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірнеше жылдан бері медициналық физика бойынша ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. ҒЗИ Қазақстан және әлемнің түрлі елдерінің жетекші ғылыми мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан. Орталық қызметкерлерінің бастамасымен Қазақстанның медициналық мекемелері және шетелдік серіктестермен бірге «Медицина физикасы» және «Ядролық медицина» бағдарламалары бойынша оқу жоспары мен стандарттары жасалып, сынақтан өткізілді. Білім беру жүйесін дамытудың әлемдік тенденциясына сәйкес, Хоккайдо (Жапония) және MИФИ (Ресей) университеттерімен бағдарламалар қосдипломдық болып табылады. Дәрісті біздің университеттің, Ядролық физика мен Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институттарының жетекші профессорлары жүргізеді. Теориялық дайындық және негізгі зертханалық жұмыстар ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті ғимаратында өткізіледі. Ал арнайы курстар мен жетілдірілген зертханалық жұмыстар институттарда жүргізіледі.

Ядролық физика институтында ядролық медицина ВВР-К ядролық зерттеу реакторы мен Cyclone-30 циклотроны түрінде ұсынылған. ВВР-К ядролық зерттеу реакторында Молибден-99, Иод-131, Галий-67 радиофармацевтикалық препараттары өндіріледі. Ал Cyclone-30 циклотроны өндірісте 201Tl, 18F және Тс-99м генераторлары негізінде радиофармацевтикалық препараттарды алу үшін қолданылады.

Сондай-ақ онкология және радиология институтында студенттер клиникалық тәжірибеден өтеді. Олар практик дәрігерлермен бірге жұмыс істеп, диагностика мен емдеу мақсатында медициналық жабдықты қолдану дағдыларын меңгереді.

Радиология және ядролық медицина бөлімінде заманауи эксперттік деңгейдегі диагностикалық жабдықтар, оның ішінде Tesla МРТ 3, көп реттік компьютерлік сканерлер және басқалары бар.

Дозиметрия және сәулелік терапияны физикалық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінде студенттер медициналық акселераторлармен жұмыс істеуді үйренеді, сәулелендіруді жоспарлауды және медициналық мақсаттағы бұйымдарға қызмет көрсете алады.

Ірі пәнаралық бағыттарды дамыту – заманауи университеттердің маңызды миссияларының бірі. Бұл өз кезегінде ғылымды қажет ететін технологияларды дамытуға оң әсер етуі мүмкін. Бұл миссияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдік жоғары оқу орындарымен бірге қос дипломды бағдарламалар негізінде тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыруда.