ҚазҰУ исламдық қаржыны дамыту саласында үш жақты меморандумға қол қойды

17.05.2019

Көрулер: 2047

17 мамыр күні ХІІ Астана экономикалық форумы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Хамад бин Халифа университеті (Катар) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) исламдық қаржы саласындағы әріптестікке бағытталған өзара түсіністік туралы үш жақты Меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қою рәсіміне АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Хамад бин Халифа университетінің президенті Ахмад Хасна және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қатысты.

Бұл қадам әлемде қарқынды дамып келе жатқан исламдық қаржы саласының тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда да қанат жаюына үлкен мүмкіндіктер береді. Ынтымақтастық жергілікті кадрлардың кәсібилігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында үздіксіз дамуға, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер арасында академиялық алмасуға бағытталған. Басты мақсаты – исламдық қаржы бойынша бірлескен білім беру мен ғылыми-зерттеу бастамаларын қалыптастыру мен дамыту.

 

 

 

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов Меморандумның барлық тараптар үшін маңыздылығына баса назар аудара отырып, қазіргі таңда ерекше сұранысқа ие исламдық қаржы саласында білікті мамандар даярлауға ниет білдірді. «Исламдық қаржыландыру – әлемдік нарықта белсенді дамып келе жатқан ислам экономикасының бір бөлігі. АХҚО-да ислам қаржыларын дамыту үшін қолайлы экожүйе құрылған және осы бағыт АХҚО-ның негізгі басымдықтарының бірі болып табылады» – деді Қ. Келімбетов мырза.

Хамад Бин Халифа университетінің президенті Ахмад Хасна кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы университеттердің рөлін ерекше атап өтті. Өз сұхбатында ол «Заманауи экономикалық мәселер бір елдің шегінен асып, жаһандық сипат алуда. Сондықтан, мұндай қиындықтарды оңай еңсеріп, университеттер, қаржы орталықтары және бизнес-орта арасында тиімді әріптестік құрамыз десек, дарынды жастарға қолдау көрсету керек» –деп түйіндеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов триумвират қатысушыларының арасындағы жемісті жұмыс ҚазҰУ негізінде құрылған, посткеңестік елдер арасындағы бірегей Исламдық қаржы орталығы арқылы жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, шариғат талаптарын ескере отырып жұмыс істеуге қабілетті сапалы кадрлар даярлау мақсатында мамандарды сертификаттық оқыту мен бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін күшейту жоспарланған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші университеті ретінде исламдық қаржы бойынша білім қорын ұлттық деңгейде де, Орталық Азия аймағында да нығайтып, кеңінен таратуға мүдделі.