Erasmus+ ENINEDU жобасының еуропалық тәжірибені зерттеу нәтижелері Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің мәжілісінде талқыланды
Көрулер: 2383

2 наурыз 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің "Білім беру жүйесін реформалау жағдайында жоғары оқу орындарында оқу үрдісін ұйымдастыру" тақырыбындағы мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Қазақстанның 40-тан астам ЖОО ректорлары мен проректорлары, оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшелері, Erasmus+ ұлттық кеңсесі өкілі қатысты. Жиналыста ЭжБЖМ деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD, Erasmus+ ENINEDU жобасының координаторы Жидебекқызы Ақнұр 45 минуттық баяндама жасап, бизнес секторы мен университеттердің өзара әріптестік жүйесін құрудың еуропалық тәжірибесі туралы мәліметтермен бөлісті.

Атап айтқанда:
- Еуроодақ елдерінде жоғарғы білім беру жүйесіндегі бизнес-ортамен байланысты нығайтатын заңдар мен заңнамалық актілер, конвенциялар мен стандарттар;
- Кот д'Азур университетіндегі (Ницца қаласы, Франция) кәсіптік бағдарлау бөлімі, университеттегі қолдаушы құрылымдар және түлектермен байланыс жасаудың жүйелік жұмысын талдау, университет пен бизнес секторы арасындағы әріптестіктің 17 әдісі, студенттік инновациялық кәсіпкерлікті қолдау шаралары, IMREDD институтының құрылу тәжірибесі және т.б.;
- Афина экономика және бизнес университетінің (Афина қаласы, Грекия) цифрлық кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі, ғылыми зерттеулер мен компанияларды байланыстыратын құрылымдардың жұмысы;
- Сантьяго-де-Компостела университетіндегі (Сантьяго-де-Компостела қаласы, Испания) ғылыми-зерттеу жұмысын дамытудың аймақтық аспектілері, заңнамадағы ерекшеліктер, EMPRENDIA кәсіпкерлікті қолдау орталығының спин-офф компаниялардың құрылуына қосатын үлесі;
- Шопрон университетіндегі (Шопрон қаласы, Венгрия) шекаралық аймақта орналасқан университеттің ерекшеліктері, дуалдық білім беру жүйесі мен "Жұмыс берушілер аптасы" туралы;
- Erasmus+ ENINEDU жобасы бойынша ҚазҰУ-да атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндалды.

Нәтижесінде:
- 1. Erasmus+ ENINEDU жобасы аясында әзірленген "Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі мен жұмыс берушілердің әріптестігі туралы стандартты" республика деңгейінде қабылдау;
- 2. Стандарт ережелеріне қосымша әдістемелік нұсқаулар әзірлеп, республика көлемінде тарату;
- 3. Қаржы министрлігіне салықтық стимулдар туралы негіздеме мен ұсыныстар әзірлеу;
- 4. Студенттер, жұмыс берушілер, түлектер мен инновациялық идея іздеуші компанияларды біріктіретін Порталға қазақстандық университеттерді интеграциялау туралы ұсыныстар айтылды. Барлық ұсыныстар Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің резолюциясына қосылып, Білім және ғылым министрлігіне жіберілетін болады.
Сонымен қатар, Erasmus+ ENINEDU жобасы Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінде өз тәжірибесімен бөліскен алғашқы жоба екендігін атап өткен жөн. Осы үдерісті ары қарай дамыту мақсатында, Erasmus+ жобаларын болашақта да Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің мәжілісіне шақырып, тыңдау туралы ұсыныс айтылды. Аталған бастамалар Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіне оң өзгерістер әкеледі деп күтеміз.
Бизнес секторы мен университеттердің өзара әріптестік жүйесін құру: еуропалық тәжірибе (Erasmus+ «Жаңа әлеуметтік ортаға сәйкес жоғары білім беру мен корпоративтік сектордың интеграциясын күшейту – ENINEDU» жобасы бойынша) баяндамасының толық нұсқасы
Zhidebekkyzy Aknur. Erasmus ENINEDU.pdf






