«Отан оттан да ыстық» жобасы қорытындыланды

Алматы қаласы Қоғамдық Даму басқармасының қолдауымен қолға алынған «Отан оттан да ыстық» атты қандастарды бейімдеу, қолдау, құқықтық ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік жоба өздеріңізге жақсы таныс болса керек. Тіпті, ақпарат айдынында шеттен келген қандастар үшін айрықша жұмыс істеп келе жатқан «www.qandastar.kz» сайтының өзі аталған жоба аясында іске қосылған.

Иә, мақсаты айқын, бағдары анық жобаның жүзеге асуы әр кезеңде әр алуан болды. Мәселен, өткен жылы еліміздегі 50 мыңға жуық қандастың мұң-зарына дүп келген-ді. Нәтижесінде біраз құжаттық қиыншылықтың «беті бері қараған», оң шешімін тапқан. Иә, жобаны соңғы екі жыл қатарынан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі атқарып келеді. Мінді, не мінсіздігіне баға беретін өздеріңіз?…

Осылайша биылғы жылды да түйіндедік. Қорытынды дөңгелек үстел «Алматы жастары» ресурстық орталығында «Әр қазақ менің жалғызым!» тақырыбында өтті. Шараға қатынасқан жастар өз ұсыныс-пікірлері мен ойларын ортаға салса, Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат бақармасы, көші-қон жүйелері бөлімінің бас маманы Гүлбарам Ғалиева,  тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі Молдахмет Мырзабеков «Адырна» бірлестігінің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдірді. Біз де аталған мамандардың қандастарға сіңірген еңбегін бағалай отырып, «Қазақ қыраны» төсбелгісі мен арнайы алғыс хаттарды табыс еттік.

https://qandastar.kz/?p=2231

Басылым күні :  14.04.2020