Онлайн- білім игеру – мүмкіндігі кең оқыту үрдісі

Әлемді жайпаған аты жаман аурудың тарағаны туралы алғашқы хабар келген күні-ақ, біз үрпиісіп қалдық. Өйткені оның ошағы – Қытай мемлекті болып отырғаны  да, бізді ерекше алаңдатты. Себебі, біз дәріс беріп отырған жүздеген шәкірт сол елден келген қаракөз қандастарымыз еді. Қысқы демалысқа кеткен жастардың сыпырылып, жартысынан көбі сол елінен шыға алмай, карантинге түсіп қалып, осы жақта қалған және басқа мемлекеттен келген шәкірттермен 2-семестрді бастап, оқып жатыр едік. Күлімдеп көктем келіп,  гүл жайнаған аналар мен қыздардың мерекесін атқарып, енді  мәре-сәре болып Наурыз мерекесіне дайындалып жатқан едік. Біз деп отырғанымыз –  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының  оқытушы-профессорлар құрамы. 

         Жыл құсымен қанат қағып жеткен жаңа жыл басынан жақсылықтан үмітті болып, шәкірттермен әр түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатқан. Алпауыт елдерді шарпыған індет қазақ жеріне де келіп жеткені хабарланды. Кафедра меңгерушісі   М.С.Мырзабеков   жедел ұйымдастыру шараларын түсіндірді. Шәкірттердің қауіпсіздігін, жатақханадағы  хал-ахуалды  мұқият тапсырып, кафедра оқытушыларына онлайн-оқытудың мүмкіндіктерін қарастырды. Барлық  оқытушылар жоспарға сай білім бағдарламаларын онлайн оқыту жүйесіне көшуге әзір екенін танытты. Кейбір оқытушыларға көмектер берілді, құрал-жабдықтар құрылды. Жатақханада қалған шәкірттерге телефон, ноутбук арқылы білім алуларына қиындық келтірмейтіндей   Wi-fai желісін орнатып, байланыстың сапалы болуын қадағалап отырды.  Наурыз мерекесіне арналған  оқытушылардың қаржысына жатақханада карантинде қалған шәкірттерге мол азық –түлік алып берілді. Атамекенге білім іздеп, ЖОО түсуге мақсат қойып келген жастар, барлық дәрістерге сабақ кестесі бойынша қатысып, ұстаздармен әр дәрісті толық өткізіп, қалған уақыттарында жазда тапсыратын сынақтарына  интнрнет желілеріндегі онлайн-тест сұрақтарын тапсырып, дайындықтарын жүргізіп жатыр. Бір қуантатыны, жастар осы бір кезеңді дұрыс пайдаланып, қыдыруға, дүкен аралауға, ойын-сауыққа кететін уақыттарының бәрін білім игерумен өткізіп жатыр. Өйткені, кітап оқудан басқа жатақханада артық іс те жоқ. «Есік алдына шығып, дене шынықтырып, ас ішіп, қалған уақытты білім игеруге арнап жатырмыз»,– дейді  өзім дәріс беретін 12-топ тыңдаушылары. Әсіресе, Өзбекстаннан келген Ибадуллаева Сәулет пен Тұрысбек Баянның білімге деген құштарлықтары ерекше.  Сабақтан тыс уақытта да әлем классиктерінің, қазақ халқының классик жазушылары мен ақындарының туындыларынан қайсысын оқу керектігінен кеңес сұрап, онлайн-кітаптарды оқып жатыр.  Өзім дәріс беретін қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларын және Алаш қайраткерлерінің шығармалары мен өмірлері туралы бейне материалдарды көріп, кітаптарын оқып шықты. Онлайн-сабақта олардың білімдерін тексеру барысында бағдарламаны жақсы игеріп жатқандары байқалып отыр. Әрине, шалғайға кеткен шәкірттердің кейде онлайн-сабаққа кіре алмай, байланысқа шыға алмай жататын кездері болады. Бірақ, желіге жүктелген жаңа сабақтың материалдарын кез-келген уакытта ашып, оқып, біліп алуға мүмкіндіктері бар. Байланыс болған кезде, орындаған тапсырмаларын жіберіп, түсінбеген сұрақтары боынша хабарласа береді. Уақыт шекті емес, еркіндікті пайдаланып, қосымша  оқу материалдарын игеруге болады. 

Жалпы, жер жүзінде болып жатқан жағдайға біздің ұстаздар да, шәкірттерде аса үлкен сабырмен қарап отыр. Жағдай түсінікті, аз уақыттан кейін бәрі орнына келетініне және алдағы сынақтарды абыроймен өткізетінімізге сенімдіміз. Адамзаттың бесігі болған – ЖЕР әлемі   аман болсын!!!

Басылым күні :  14.04.2020