ТӨРТКҮЛ ТҮРІКТІҢ ҒҰЛАМАСЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасының қабырғасында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ІҮ-ші түркі дүниесі деректі фильмдер фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Кинофестиваль бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасын жандандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Бұл іс-шара түркілердің ұлық ғұламасы Әл-Фарабидың туғанына 1150 жылдық мерей тойымен сәйкес келіп отыр. Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің дәл осы түркі әлемінің өкілі, оның ішінде қазақ жерінің, киелі Отрар шахарының тумасы екенігі барша қазақ үшін үлкен мәртебе мен шексіз мақтаныш.

Бұл жобаның өткізілу аясы Түркия, Әзірбайжан, Қырғызыстан, Өзбекстан сынды бірнеше түркі тілдес елдермен қоса, Македония, Кипр, Босния және Герцеговина, Мажарстан секілді Еуропа мемлекеттерін де қамтып отыр.

Аталмыш іс-шараға елімізден және алыс жақын шет елден көптеген қоғам қайраткерлері, ізденуші ғалымдар мен кино саласының майталмандары қатысып пікірлерімен, болашақ жобаларымен және жылы лебіздерімен бөлісті. Соның ішінде қазақтың белгілі кино актеры, қоғам қайреткері Асанәлі Ашімов келіп, фестивалдің өткізілуіне деген ыстық ықласын білдіріп, болашақ студент жастарға аталық сөзін айтып ақ жол тіледі. Сонымен қатар фестиваль аясында әл-Фарабидың өмірлік және ізденушілік жолы, ғалымдық мансабы туралы сыр шертетін, онымен қоса ұлы ойшылдың әр түрлі салаларды қамтитын сан алуан әлемдік құндылыққа ие еңбектерімен танысуға мүмкіндік беретін деректі фильм көрсетілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетіне әр мемлекекеттен келіп білім алып, оқып жатқан қазақ диаспора өкілдерінің саны жыл сайын артуы қуантарлық жағдай. Олардың жаңа ортаға тез бейімделуін және бірін-бірі жатсынбай, Отанына бауыр басып, бір қандас, жерлес екендерін сезіндіру мақсатында, білім алумен қатар, сабақтан тыс уақытта, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы орайда студенттеріміз түркі дүниесі кинофестивальын де тамашалауды жөн көрді. Бұл фестиваль әсіресе біздің факультетіміздегі шетелден келген қазақ диаспора өкілдерінің аса мол қызығушылығын тудырды. Жастарымыз әл-Фараби кітапханасын аралап, мұражайымен танысып естелік суреттерге түсті.

Аталмыш іс-шаралар жастардың патриоттық сезімін арттырып, рухани жаңғыруына үлес қосып, өздерінің тарихы мен дәстүрлі, мәдени мұрасын естен шығармай бағалауына өзіндік серпін береді. Жалпы бұндай кездесулер болашақ өскелең ұрпаққа берері мол деп есептейміз.

Басылым күні :  18.11.2019