Профессор Биғалиев Айтқажы Биғалиұлының туғанына 80 жыл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экологиялық генетика және халық денсаулығы: жетістіктер мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымының докторы, профессор Биғалиев Айтқажы Биғалиұлының 80 жылдығына арнайы ұйымдастырылды.

Биология және биотехнология факультетінің деканы, академик Заядан Болатхан сөз сөйлеп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының құттықтауын жеткізді.

Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, онлайн форматта шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚазҰУ мен басқа да жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ізденушілер, докторанттар, магистранттар және студент жастар қатысты.

Жиында биология және биотехнология факультетінің профессоры, биология ғылымының докторы Тамара Шалахметова арнайы сөз алып, көрнекті ғалымның еңбектері мен адами қасиеттеріне тоқталып өтті.

Жапониядағы Хиросима университетінің құрметті профессоры, PhD Хоши Масахару «Біздің соңғы зерттеулеріміз – Қазақстан», С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Молекулалық биология және медициналық генетика кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Есенгелді Қуандықов «Қазіргі заманғы медицина – бүгіні мен болашағы», ҚР ҒЖБМ ҒК Генетика және физиология институтының бас директоры, PhD Г.Жүнісова «Келесі ұрпақ секвенциясы негізінде сүт безі обыры мен колоректалды обырдың ерте дамуының клинико-генетикалық аспектілері», Ресей ҰҒА Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының «Генотоксикология» зерттеу тобының басшысы, профессор, биология ғылымының докторы С.Абилев «In vitro және in vivo генотоксикалығына тесттердің сезімталдығы мен арнайылығын және сүтқоректілердің потенциалды канцерогендік белсенділігін талдау», Томск политехникалық университеті Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры, профессор, геология және минералогия ғылымдарының докторы Е.Г.Язиков «Табиғи орта компоненттерінің экологиялық және геохимиялық ерекшеліктері мен ядролық-отындық циклды кәсіпорындарының әсер ету аймағындағы халық денсаулығының медициналық-биологиялық көрсеткіштері арасындағы байланысты бағалау», ҚР ҒЖБМ ҒК Өсімдіктер биологиясы және биотехнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор, биология ғылымының докторы Қ.Жамбакин «Шымкент қаласындағы топырақтың ауыр металдармен ластануы», Ресей ҰҒА Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының қызметкері В.В.Ермаков «Этиологиясы анық емес биогеохимиялық эндемиктер: уровск (Кашин-Бек) ауруы» деген тақырыптардағы баяндамаларын жасады.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы «Генетика мен эксперименттік мутагенездің заманауи аспектілері», «Экологиялық биотехнологияның өзекті мәселелері», «Табиғи популяцияларды бақылау және гендік қорды қорғау», «Экологиялық қауіпсіздік және адам денсаулығы мәселелері» атты төрт секцияға бөлініп, одан әрі жалғасты. Секцияларда арнайы дайындалып келген баяндамашылар өз кезегімен баяндама жасап, қызықты ойларымен, зерттеу жұмыстарымен бөлісті.

Басылым күні :  19.04.2023