Болашақ исламтанушы мамандар көрнекті ислам философтарының мұраларымен танысуда

2023 жылдың 31 наурыз күні «Ислам пәлсапа мектептерінің көрнекті өкілдері» атты тақырыпта ашық сабақ өткізілді. Педагогикалық тәжірибе аясында «7М02205 - Исламтану» мамандығының 1-курс магистранты Елеусызбаева Назерке Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD Сарсембаев Руслан Мейіржанұлының жетекшілігімен «6B02205-исламтану» мамандығының 2-курс студенттеріне ислам философиясы бойынша дәрістер мен семинарлар өтуде. Грек данышпандары Платон мен Аристотельдің ойларына сүйенген әл-Кинди, әл-Фараби, ибн Рушдтың философиялық тұжырымдарымен, әл-Ғаззалидің жүрек сырларынан сыр шертетін еңбектерімен, кейінгі өкілі мулла Садрдың өмірінен хабардар болуда.

Ислам философтары өз шығармаларын араб тілінде жазғандықтан, сабақта қазақша, орысша аудармаларынан тыс, бастапқы арабша нұсқасынан үзінділер аудардық. Мысалы, Ибн Туфайлдың «Хай ибн Яқзан» шығармасы студенттердің аса қызығушылығын туғызды.

Дәріс барысында «мәшәйа», «ишрақия» мектеп өкілдерінің шығармалары мен оның маңыздылығына тоқталып, материалдарды бекіту үшін барабан әдісі қолданылды. Оған қоса, көрнекілік ретінде әл-Фараби кітаптарының көрмесі қойылды. Студенттер ислам философтары шығармаларының маңыздылығын түсініп, исламдағы плюрализмнен хабар алды. Соңында тақырып бойынша «Үкінің даналығы» әдісі арқылы қорытынды бағалау жасалды.

Қысқаша айтқанда, ислам философтары мұраларын қарастыру аса маңызды. Олар өзіне дейінгі грек, рим мектеп өкілдерінің философиясын жіті түсініп, оны ары қарай дамытқан, кейін Еуропадағы ренессансқа себеп болған. Осылайша, әлемдік философияның дамуына үлес қосқан.

Басылым күні :  18.04.2023