Тәжірибе туралы есептер

 

Осы бөлімде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әріптес университеттеріндегі шетелдік білім тәжірибесі туралы кафедра студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының әсерлерімен бөлісеміз


БІЛІМ КЕҢІСТІГІ


Раушан гүлінің жұпар иісі, халқының шырайлы жүзі, жан жадыратар күн райы - Болгария елі бізді өте жылы қарсы алды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Мәдениеттану» және «Дінтану» мамандықтарының студенттері ретінде біз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен «Св. Климент Охридский» атындағы София университетінің «Europe and Asia: Cultural Diplomacy and Geopolitics of the EU» аталатын бірлескен қосдипломдық бағдарламасының  алғашқы қарлығаштары атандық. Болгария мен Қазақстанның бетке ұстар оқу орындарынан бір уақытта екі бірдей диплом алып шығу біз үшін үлкен жетістіктер мен мүмкіндіктерге жол ашады.

Св. Климент Охридский атындағы София университетінде 8 сабақ (Қазіргі заманғы Халықаралық қатынастардағы Билік; Шекаралық өңірлер және Трансшекаралық ынтымақтастық; Еуроодақтағы дипломатия және дағдарысты басқару (тарихи және саяси аспектілер); Мәдениетаралық делдалдық және келіссөздер; Еуроодақтағы саясат пен мәдениет; Еуроодақтың геосаясаты және Қиыр Шығыс; Еуроодақтың институттары мен саясатына кіріспе; 21-ғасырдағы геосаясат: Қара теңіз аймағы), яғни 30 кредит толықтай меңгерілді. София университетінің мықты деген профессорларынан дәріс тыңдап, Еуроодақтың экономикалық және саяси мәселелерінен хабардар болдық. Қиыр Шығыстағы, Қара теңіз бойындағы елдер мәселелерін де  жан-жақты қарастырдық.

Саяси білімнен бөлек, ағылшын тілін де оқуға тура келді. 90 сабақ ішінде доктор, профессор Мадлен Дановамен В2 деңгейін меңгеріп, сертификаттарға ие болдық.

Сабақ уақыттарынан тыс конференция, семинарларға да қатысып, көкжиегімізді кеңейттік. Сондай бір конференциялардың бірі – 10 қарашада Еуроодақ парламенттінің төрағасы Антонио Таянимен жүздесу. Бұл жүздесуде Еуроодоқтың күрделі мәселелері талқыға түсті және бұл мәселелерді шешуде Болгария мемлекетінің қаншалықты маңызды рөл атқаратыны айтылды. Ал 14 қарашада болған «Батыс Балқандағы еуропалық перспектива» конференциясы Балқан түбегінде орналасқан мемлекеттердің экономикалық жағдайы жайлы сөз болды. Алдағы 6 айда Еуроодаққа төрағалық ететін Болгария мемлекетінің бұл аймақта үлкен беделге ие екендігі де айтылды. Сондай-ақ 10 қаңтар күні Софияда Төрағалықтың басталуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды, соған біз де қатыстық. Бұл шараға Еуроодақтың негізгі үш институтының басшылығы қатысты. Болгария президенті, Румен Радев, сөз сөйлеп, бүгінгі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көші-қон және терроризм мәселелері аса күрделі екендігін атап өткен болатын. Барлық конференциялар қызықты, әрі пайдалы болды.    

Біз Св. Климент Охридский атындағы София университетіне қонақжайлықтары үшін, оқу үрдісі кезінде бірегей оқу әдістерін қолдана отырып, сапалы білім бергені үшін, сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жастардың болашағына даңғыл жол салар Европалық үлгідегі дипломға қол жеткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз.

 

Амангельдіқызы Тоқжан,

"Мәдениеттану" мамандық бойынша 

 2 курс магистранты

 

МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ, МЕНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІМ


Қазіргі күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемнің 300-ден астам ірі университеттерімен сәтті қызмет етуде, университет Халықаралық, Еуропалық және Евразиялық университеттер бірлестіктерімен, Бүкіләлемдік университеттер консорциумымен және т.б. мүшесі болып табылады.

Соңғы жылдары халықаралық академиялық мобильділік университеттің дамуындағы маңызды бағыт болды. Жыл сайын екі мыңнан астам әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бакалаврлар, магистранттар мен докторанттар жоғары рейтингті шетел университеттерінде тағылымдамадан өтеді. Университет оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлер халықаралық конференциялар мен іскерлік кездесулерге қатысу арқылы үнемі өздерінің қабілеттіліктерін арттырып отырады. Біздің серіктестерімізді ТМД, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс және Азия елдерінде таба аласыздар. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өзінің үздіксіз әрекет етуінің арқасында шетелдерде өзінің оң имиджін арттырып келеді.

2018 жылдың 26 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бруно Кесслер Қоры (Италия, Тренто) Қазақстан Республикасы мен Италия арасындағы тығыз халықаралық қатынастарды ескере отырып, екі ел арасындағы білім беру мен ғылыми салаларында ары қарай да перспективті қарым-қатынас жасауы мақсатында қызмет ету туралы Келісімге қол қойды.

Магистранттарға арналған тағылымдамадан өту бағдарламасы аясында 2018 жылдың 27 ақпанынан 9 наурызына дейінгі аралықта Тренто қаласындағы Бруно Кесслер Қорында болып қайттым. Тағылымдамадан өту барысында мен академиялық шығармалар жазу қабілетімді шыңдадым. Бұл 2018 жылдың 1-2 наурызы аралығында Рим қаласында болып өткен 27 экономикалық және әлеуметтік даму бойынша халықаралық ғылыми конференцияға қатысуыма мүмкіндік берді. Дінтану және мәдениеттану кафедрасының (Философия және саясаттану факультеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) меңгерушісі профессор Айнура Құрманалиевамен бірлесе отырып, мақаламызды ұсындық: «Қазіргі күнгі қазақстандық қоғам құрылымындағы исламның рөлі мен орны». Ең қызық тәжірибе орталықтың профессорларының лекциялары болды. Бұл менің ғылыми зерттеуімнің кейбір аспектілеріне деген көзқарасымды өзгертті.

Мен университетіміздің осындай құнды тәжірибе алуға тамаша мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіремін. Сонымен бірге, Бруно Кесслер Қорының дінтанулық зерттеулер орталығының оқытушыларына, әсіресе, Сара Хеджази, Паоло Коста, Изабелла Масе, Валериа Фабретти және Марко Вентураға алғыс білдіргім келеді.

 

Исраилова Асель,

"Исламтану" мамандық бойынша 

 1 курс магистранты

 

 

МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ - МЕНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІМ!


Америка Құрама Штаттарының дамып, әлемдегі ықпалы мен абыройының артуына себеп болған ең негізгі факторлардың бірі ол әрине ғылымға және білім беру саласына басты назар аударуларында екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ыбырай Алтынсарин бабамыздың:

Өнер - білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып - жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды.

Адамды құстай ұшырды;

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді;

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді.

Теңізде жүзді балықтай,

Дүниені кезді жалықпай,

Білгендерге осылар

Бәрі - дағы анықтай,

Білмегенде танықтай;

Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай;

Ат өнері білінбес

Бәйгеге түсіп жарыспай;

Желкілдеп шыққан көк шөптей

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай.

Біз надан боп өсірдік

Иектегі сақалды.

Өнер – жігіт көркі деп

Ескермедік мақалды...

Біз болмасақ сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды - деп берген батасы бәлкім осы Құрама Штаттары сынды елдерге қарап айтылған болар. Біздің бұл мемлекеттен үйренеріміз көп әрине, әсіресе ғылым, инновация, жаңа техника мен технология, білім беру салаларында. Мысалы, Америкада ғылымның қай саласын болсын зерттеу жақсы қолға алынған және түрлі зерттеу әдістеріне қажетті құрал сайман, ғылыми базамен жабдықтау тұрғысынан да өте ілгеріде. Бұл қалаған мәліметіңізді тез әрі оңай табуға көмектесетіндіктен тың нәтижелерге жетуге септігін тигізбей қоймасы анық. Сол ғылым ордаларының бірі Нью-Иорк қаласында 1754 жылы іргесі қаланған Колумбия университеті. Елімізде білім мен ғылымның дамуы үшін осындай университеттермен тығыз байланыс құрып, тәжірибе алмасудың алар орны айрықша. Осы мақсатта бір топ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистранттары аталмыш білім ошағымен құрылған келісімшарт аясында ағымдағы жылдың қаңтар айының 10-26 жұлдыздары арылығында өз білімдерімізді шыңдап қайттық. Колумбия университеті профессорлары бізді жылы қарсы алып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, тұрақты даму саласы (MDP) бойынша БҰҰ жанындағы ҚР өкілдігінде өткен іс-шараларға да қатысу мүмкіншілігіне ие болдық. Атап айтқанда, Әлемдік дипломаттардың қатысуымен өткен елімізге инвиститция тарту және оның тиімді жолдарын әлем елдеріне таныстыру тақырыбындағы жиынға қатыстық.

Ал, ең бастысы Колумбия университетінің сан салалы үлкен ғылыми базасымен таныстық. Диссертация тақырыбым Имам Матуридиге байланысты болғандықтан, сол ғалым жөнінде керекті мағлұматтарды іздеу барысында бірнеше таң қаларлық жайтқа куә болдым.

Біріншіден, табылған кітаптар, ақпараттар санында шек жоқ.

Екіншіден, тек ағылшын тілінде ғана емес, араб, түрік сынды көптеген әлем тілдерінде толассыз көп мәлімет табуға болады.

Үшіншіден, өте сирек кездесетін кітаптармен қоса ескі қолжазбалар да аз емес.

Тағы бір қызыға да, қызғана қарайтын ерекшеліктердің бірі университет кампусында студенттер мен оқытушыларға барлық жағдай жасалғандықтан, таң атқаннан кеш батқанға дейін оқу орны қабырғасынан шықпай, кітарханада кітап оқып, демалыс бөлмелерінде үй тапсырмасын орындап, кампус ішіндегі паркте сепуендеуге болады.

Қорыта келе, “Егер ел боламын десең басігіңді түзе” демекші жастарға заман талабына сай білім беру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау біз сияқты буыны қатпаған жас ел үшін үлкен сын болумен бірге, дамыған елдер қатарына қосылуымыздың кепілі болып табылады. Сондықтан, Ұлттық университетіміз өз тәлімгерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында ғаламның озық білім ордаларымен әріптестік орнатуы тек құптарлық бастама деп есептеймін.


 Есдәулет Ергелді, “Исламтану” мамандығының 1 курс магистранты

 

ШВЕЙЦАРИЯҒА САЯХАТ


Маусым айында Швейцарияға барып, Цюрих университетінің жазғы мектебіне қатысып, тың мағұлматтар мен дәйекті тұжырымдарға көз жеткізіп, ғылыми тәжірибемен алмастым.

Алматыдан Киев арқылы Цюрихқа бағыт алып, асыға күткен шоколад пен банктер еліне жеттік. Келе сала шетке шыққанымызды білдіртпей Цюрих университетінде білім алып жатқан доктарант, Қазақ Ұлттық университетінің түлегі Динара Абильденова  құшақ жая қарсы алып, бізді қонақ үйге орналастырып, қаланың тыныс –тіршілігі мен оқу орындарындағы білім жүйесін, студенттердің жағдайын, еуропалықтардың көзқарасы мен танымын тереңінен таныстырды және тың ақпараттар берді.

Бұған дейін Цюрихте болғанмын. Дей тұрғанмен, бұл жолғысы бұрынғысынан өзгерек болғаны анық. Себебі білім іздеп, мәдениеттану бағыты бойынша біліктілікті кеңейтуге келгендіктен, өнер мен өркениеттегі көптеген дүниелер көзге түсіп, назарымды ерекше аудартты.

Соның бірі европалықтардың тамақтану мәдениеті. Қала ішінде екі қадам бассаңыз саны көп дәмханаларға кезігесіз. Бір қызығы ас ішетін дәмханаларда ұсынылатын тағамдардың 90 пайызы нан өнімдерінен жасалынған. Самса, круассан, панини сынды тарихы мен жасалуы өзгеше нан тағамдарын жиі пайдаланады. Оның сырын ғалымдар батыс халқының үрдісі мен сана сезіміне сіңіп кеткен түсінікпен байланыстырады. Сулы сорпа тағамдарын сирек қолданатын европалықтардың түсінігінше, сорпа кедейлер ішетін ас. Өйткені аз еттен көпке жететін сорпа істеу, жоқшылықта жағдайы төмен жандардың жүрек жалғар тағамы саналған. Сондықтан нан қосып ішетін сорпаға әуестіктері жоқ. Кафелердің өзінде тек бірнеше сорпаның түрін ғана кезіктіресіз. Онда да ол көкөністен жасалынған болып шығады. Мәселен, қызанақтан жасалынатын гаспачо, саңырауқұлақты крем-суп пен жылдам дайындалатын асқабақ қосылған сорпаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ, европалықтардың басым бөлігі пайдалы таңғы ас мәзіріне көңіл бөліп, барынша қуатты тағамдарды ішеді. Ал түскі аста тіске басар жеп, шырын немесе кофемен жүрек жалғайды. Кешкі асты ғана тыңғылықты ішетін көрінеді. Оның өзінде үйде емес, сырттағы дәмханалар мен мейрамханалардан тамақтанады. Осындай дүниелер маған европалықтардың тамақтану мәдениетінің ерекшелігі болып көрінді.

Швейцариялықтар жаяу жүруге жаны құмар жандар. Қала тазалығы мен табиғат ресурстарын сақтау үшін экологиялық таза көлік түрлерін және велосипед пен самакатты жиі қолданады. Мысалы, қарапайым самакатты біз  баланың ойыншығы ретінде көрсек, ал ол жақта маңызы зор көлік түрі ретінде саналады. Адамдар самакат арқылы қалаған қала орындары мен жұмысқа теуіп барып, қайта үйлеріне аталмыш көлік түрімен қайтады. Жеңіл, кептеліссіз, көшеде кішігірім орын алатын, бастысы тегін көлік самакаттың қолданысы Швейцарияда дендеп тұр.

 Қала тұрғындарының дені жастар сияқты болып көрінеді. Себебі қарттардың өзі артынан қарағанда 25 жастағы жас қыздай немесе жігіттей көрінетіндігінен ел тұрғындарының салауатты өмір салтын жақсы ұстанатындығын оңай аңғаруға болады. Еңкейген қарттары еңбектеген балаларға салауаттылықты кеңінен насихаттайды.

Көшенің мұнтаздай тазалығынан   тәртіп пен ереженің алғашқы орында іс жүзінде орындалатындығын көзіңізбен көресіз. Шындығында европалықтар таза қала үшін қоқыс лақтырмақ түгілі, қала берді жерге түкірмейді. Иық қақтығысып, бірін-бірі көшеде итеріп кету, сөзге келіп, ұрысып, жаға жыртысқан адамдарды көрмейсің. Бәрі мейірімді, көңілді, қонақжай. Елдің тұтас аурасынан бейбітшілік пен бітімгерлікті, берекені, мерекені сезінесің. Оны тарих та дәлелдейді. Өйткені соңғы 5 ғасыр бойы Швейцарияда соғыс, көтеріліс, төңкеріс атауы болмаған. Соның да әсері болу керек мұнда арқаны кеңге ұстап, мамыражай мемлекеттің көк аспанында нағыз өмірден ләззат алып жүрген адамдарды көзің шалады.

Сонымен қатар киінудегі демократияны айтпай кетуге болмайды. Көшедегі халықтың сырт бейнесіне қарасаңыз сәннен гөрі жарасымды, қарапайым және ыңғайлы киімдердің таңдайды. Құдды бір «сұлуынын жылуы» сияқты. Барлығы дерлік табиғи маталардан жасалған киімдер мен таза былғары аяқ киімдерді тұтынғанды жақсы көреді. Мұның өзі жоғары талғамды, табиғи, таза заттарды таңдауды, сапа мен деннің саулығы алғашқы орында екендігін аңғартады.

Сапарымыздың келесі күнінде Швейцарияның Францияға жақын бөлігінде орналасқан Валь-д’Илезге қаласына ат басын бұрдық. Елдің бір аймағынан екінші аумағына орын ауыстырсақ та, ешқандай жол қиындығын сезінбедік. Бірінші себебі ел аумағының үлкен болмауы. Яғни, Қазақстанмен салыстыратын болсақ, қатар  жатқан екі облыс арасы тәріздей. Екіншіден, демалыс саяхатын жасау үшін мінсіз жағдайдың жасалынуы мен поездардың жылдам жүруін тілге тиек етіп айтуға болады. Жалпы, европалықтардың өзі ұшақ, автобуспен қатынағаннан гөрі поездбен жүргенді қатты ұнатады.

Европалық басшылық жол жүру мәселесін халыққа жеңілдеткен. Біз Цюрихтан бір  билет алып, жолда екі рет поезд алмастырып, алдымен, Швейцарияның оңтүстік батысындағы Лозанна қаласына жетіп, одан ары қарай Валь-д’Илезге жеттік. Яғни, қайта-қайта билет ауыстырып әуре-сарсанға түспейсіз. Есте қалған жайт, поездға кірген жолаушының жол жүру билетін тексеріп тұрған адамды көрмедік. Аракідік бақылаушыларды ғана байқайсың. Бұл сенім мен тұтынушылық сананың,  жауапкершіліктің жоғарылығын дәлелдейді. Алаяқтық пен алдауға орын жоқ. Жол ақысы төленбеген жағдайда айыппұл көлемі қомақты ақша болғандықтан да тәртіптің теңдей жүргізіліп, жолаушы дер кезінде әрі уақытында билеттерін бірге алып жүреді.

Еуропалықтардың қарым-қатынас мәдениеті де біздікінен өзгеше. Кәрі демей, жас демей, бәрі теңдікті ту етеді. Еңбек бөлінісі де жоқтың қасы. Егде тартқан профессор Питер Финке мен доктор Гюнтер Шюлле орнынан тұрып, өзіне шәй не кофе дайындағанда, қазақы тәрбиеде өскен біз тыпыршып отыра алмай кеттік. Ішкен ыдысын жуу үшін раковинаға беттеген сәтте, тіптен ұяттан кірер тесік таппадық. Сөйтсек, ол қалыпты жағдай екен. Бірер күннен соң оған да бой үйрене бастады. 

Ең танғалдырғаны - еуропалық және біздің ғылым арасындағы айырмашылық. Егер батыстық ғалымдар сипаттамалық бағытты таңдаса, біздің жұмыстың қай-қайсысы болмасын белгілі бір мәселені шешуге бағытталған. Өмірдің кез-келген саласында бар проблеманы шешіп қойған еуропа тұрғыны үшін біздің тың жолға түрен салуға талпынған әрекетіміз сол күйінде түсініксіз қалды. 

 

Назым Басқынбаева,

"Мәдениеттану" мамандық бойынша 

 2 курс магистранты

 

 

 

 

МЕНІҢ ИТАЛИЯДАҒЫ ТӘЖІРИБЕМ

 

Ағымдағы жылдың 5 ақпанынан 15 ақпанына дейін, магистранттарға тағылымдама бағдарламасы бойынша Италияның Тренто қаласында орналасқан Бруно Кесслер қоры дінтану орталығына бардым. Біз сондай-ақ Бруно Кесслер қоры дінтану орталығын профессор Марко Вентура діни ғылым орталығының директоры, сондай-ақ орталықтың барлық оқытушылар, әсіресе Сара Хеджази, Валериа Фабретти, Изабелла Масе, Витторио Гуарньери атап өткім келіп түсті. Тәжірибе өте жемісті өтті. Тағылымдама барысында, мен аталған мұғалімдер жоғарыда дәрісін тыңдады конференцияларға қатыстым, орталығының сарапшыларымен зерттеу жүргіздім, Бруно Кесслер қорының кітапханасы орталығында диссертация үшін ақпарат жинадым, сондай-ақ профессорлар орталығында менің Диссертациялық жұмыстың байланысты кеңестер ала келеді.

Тәжірибе барысында мен бүкіл орталықтың жұмысымен таныстым: осы орталықтың озық технологиялары туралы білдім, мамандармен және олардың қызметімен таныстым және өз ішінен жұмыс процесін көрдім. Орталықтың мамандары Орталықтың қызметі, жалпы жоба зерттеу орталығының миссиясы бөлігі болып табылады, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, жұмысы туралы айтып берді: дін мен инновациялар арасындағы қарым-қатынас зерттеуге, және дін және қазіргі заманғы ғылым арасындағы қарым-қатынасты, технологиясын, заң, саясат, мәдениет зерттеуге.

Университетке осындай құнды тәжірибені алудың бірегей мүмкіндігі үшін алғысымды білдіремін, сондай-ақ Бруно Кесслер қоры дінтану орталығына алғысымды білдіргім келді.

Қайыржан Дәурен,

«Дінтану» мамандығының 

 2 курс магистранты