Иран қолжазба қорларына іссапар

28-қаз-22

Көрулер: 874

Иран Ислам Республикасы қолжазба қорларымен әйгілі. Ерте замандардан бері Иран елі жазба ескерткіштерімен танылған бірден бір шығыс елдерінің қатарына жатады. Сол себепті «Архив 2025» бағдарламасы аясында 2022-жылдың қазан айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүістік Азия кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласындағы қолжазба қорларында жұмыс істеу мақсатында ғылыми іссапарға барып қайтты. Іссапар барысында Иран Ислам Республикасының ең алғаш құрылған кітапханаларының бірі Мәжіліс кітапханасы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық кітапханасының қолжазба қорларында жұмыс істеп, еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты қолжазбаларды анықтап, қажетті қолжазбалардың көшірмелерін дайындады. Мәжіліс кітапханасы Ирандағы қолжазба қоры ең бай кітапхана болып саналады. Бұл кітапхананың қолжазба қорында 43272 қолжазба сақталған болса, Иран Ислам Республикасы Ұлттық кітапханасының қолжазба қорында 20885 қолжазба сақталған. Айта кетер жай, аталмыш кітапханалардың қолжазба қорлары әлі күнге дейін жеке кітапханаларда сақталған қолжазбаларды сатып алу арқылы жылда толықтырылып отырады.