Шығыстану факультетінде Тәжік тілі күніне орай кездесу өтті

07.10.2022

Көрулер: 846

Тәжік тілі күні аясында Тәжікстан Тәуелсіз Кәсіподақтар Федерациясының басшысы Маликшо Неъматзода мен Тәжікстан Республикасының Алматыдағы Бас консулы Равшан Бобохонзода Шығыстану факультетіне келіп, факультет ұжымы және студенттермен кездесті.

         Кездесуді Шығыстану факультетінің деканы Н.Б. Ем құттықтау сөзбен ашып, қонақтарды факультетке келулерімен және айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы мәдени, тарихи байланыстар тарихына тоқтала келе, факультеттегі «Тәжік тілі мен мәдениеті» орталығының жұмысы жайында айтып өтті.

         Тәжікстан Тәуелсіз Кәсіподақтар Федерациясының басшысы Маликшо Неъматзода осындай мереке аясында Шығыстану факультеті ұжымының жылы қарсы алғанына ризашылығын білдіре келе, тіл арқылы ұлттық бағалы мұраның сақталатынын, екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайтуда, халықтар мәдениетін жақындастыруда білім, ғылым, туризм саласында ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды. Өзінің өмір белестері мен шетелдердегі іс тәжірибесінен қызықты мысалдар келтіре отырып, студенттерді терең білім алуға, өз істерінің шебері болуға шақырды.

         Өз кезегінде Тәжікстан Республикасының Алматыдағы Бас консулы Равшан Бобохонзода факультеттегі Тәжік тілі орталығында тіл мерекесінің аталып өтуіне ұйытқы болып отырған кафедра ұжымына алғысын білдіре отырып, тілді сақтау - елді сақтау екендігін, екі ел арасындағы әртүрлі саладағы байланыстарды нығайтуға өз елінің мүдделі екенін атап айтты. Өз сөзін көрнекті ақын О.Сүлейменовтің тәжік тілін дәріптеген "тәжіктер әдеби парсы тілі - дари тілінде сөйлейді" деген өлеңінен үзінді келтіре отырып, түйіндеді.

         Кездесу барысында кафедра меңгерушісі Д.Кокеева мен аға оқытушы Б.Базаркулова факультеттегі «Тәжік тілі мен мәдениеті» орталығында атқарылған іс-шаралар туралы баяндай келе, алдағы бірлесіп атқарылар іс-шаралар туралы өз ойларымен бөлісті.

         Кездесу соңы студенттердің тәжік-парсы классик ақындарының өлеңдерін оқумен жалғасты.