МАХАТМА ГАНДИДІ ЕСКЕ АЛУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

02.10.2022

Көрулер: 968

Жақсылықтың зұлымдыққа қарсы бола алатындығына мысал болған тұлға Махатма Гандидің туған күніне байланысты 2 қазан 2022 жылы әлем бойынша халықаралық күш қолданбау күні ретінде аталып өтіледі. 2007 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрған халықаралық зорлық-зомбылықсыз күнінде біз үнді халқының белсендісі, бүкіл әлемге Махатма Ганди деген атпен танымал Мохандас Карамчанд Гандидің ықпалына көз жүгіртеміз. Бұл күні әлемнің әр елінде Гандидің жұмысы мен мұрасының жаһандық, зорлық-зомбылықсыз наразылыққа қалай әсер еткені еске алынады.

Осыған орай, Алматы қаласындағы М. Ганди саябағында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, үндітану бөлімінің оқытушылары мен студенттері, Үндістанның Алматыдағы консулдығының өкілдерімен бірлесе ұйымдастырылған Махатма Гандиді еске алуға арналған «Ганди Джаянти» шарасы өтті. Іс шара барысында Үндістанның Алматыдағы өкілдігінің консулы Амит Кумар Мишра мырза және Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Дариға Кокеева сөз алып, Үндістан халқын аталмыш мерекемен құттықтап, саябаққа жиналған қонақтарға жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар үндітану бөлімінің студенттері тарапынан Үндістанның ұлт көсемі М.Гандидің нақыл сөздері оқылды.