Тілдер мерекесі

25.09.2021

Көрулер: 2277

   Тіл – мемлекеттің басты айшығы, елдігіміздің тұғыры. Адамзатты байланыстырушы, ойы мен сөзін жеткізуші қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың діңгегі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бабалар мұрасы. Баға жетпес бұл бай мұраны қастерлеп, құрмет тұтамыз. Мемлекетіміздегі басты тіл, халқымыздың тілі – қазақ тілі екені мәлім. Бұл Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында да анық жазылып, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі  – қазақ тілі» деп айқындалған.

   1989 жылы 22 қыркүйек күні «Тіл туралы» заң қабылданған болатын. Кейін, еліміздің тәуелсіз ел болып қалыптасуына байланысты, тіл мәртебесін арттырмақ мақсатында 1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заң қайта қабылданды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұл өзгеріс қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне байланысты болды. Тілдер күні тілді ұлықтау мерекесі болып қана қоймай, еліміздегі ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралына айналды.

   Елімізде қазіргі таңда қазақ тіліне деген қызығушылық арта түсуде. Оның айқын нәтижесі айналымдағы құжаттардың міндетті түрде қазақ тілінде жүргізілуі, сонымен қатар қазақ тілді балабақшалар мен мектептердің көбейіп ашылып, тілді үйренушілер санының артуы, тіпті шетелге оқуға бару үшін де қазақ тілін меңгергендігін тексеретін «Қазтест» тестінің жүргізілуі қуантарлық жайт.

   Осы мерекеге орай, біз өз білім алушыларымыздың арасында онлайн форматта дөңгелек үстел өткізіп, студенттер мен оқытушылар ана тілімізді дамытуға қатысты ашық ойларын ортаға салып, әрбір тіл жанашыры өз ана тілінің жоғалып кетпей, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге талпыныстары мен алдағы уақытта осы іс-әрекеттерді жүзеге асыруға ат салысып, дамытуға деген құштарлықтарын көрсете білді. Білім алушылар өз ана тілін құрметтей дамыта отырып, өзге тілдерді де үйренуге және сөйлеуге болатындығын осы бас қосуда дәлелдей алды. Білім алушылар өздерінің бірнеше тілді меңгеріп және оны ана тілімен бірге дамытып алып жүргендерін оқыған өлеңдері мен қысқаша жазған шығармалары арқылы көрсете білді.

   Тілді қадірлеп-қастерлеу – әрбір адамзаттың міндеті. Тіл жоғалған жағдайда білдей бір ұлттың жоғалатынын ұмытпай, алдыңғы буын кейінгі буынға әрдайым айтып  отырса, жастардың өз халқының тілі, салт-дәстүрі, өнері, діні мен ділінің сақталып қалуына күресетіні сөзсіз.

   Дөңгелек үстелге жиналған білім алушылар хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тек ана тілімізде ғана емес, сонымен қатар түрік, ағылшын, орыс және т.б тілдерде оқып жеткізді. Осы шараға дейін де қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын әртүрлі тілдерді мәнерлеп жаттап айтудан онлайн сайыс жүргізген бейне материалдарымен де бөлісті.

   Осындай мәнді отырыстан кейін Шығыстану факультеті деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Үмітай Әмірбекова, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі кафедра менгерушісінің орынбасары Күлжан Бекенқызы, «Түрксой» кафедрасының аға оқытушылары жағымды лебіздерін білдірген қонақтарымыз Эльнара Дулаева, Балоглу Селенай қатысып, білім алушылардың жеті түрлі білім біліп, жеті елдің тілін меңгерсе де өз тілін әрқашан құрмет тұтып, қастерлеп жүрулеріне тілек білдірді. Оқытушылар өз ана тіліне сый-құрмет көрсетуді үйрету аға буынның міндеті санайтынын және осы тәлім-тәрбиелік, ұстаздық жолда тілді биік қоюға үйретуде өз қызметтерін жалғастыратынын айта отырып, студенттерге жылы лебіздерін жеткізді.

   Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білу, құрметтеу арқылы басқа тілді де, оның мәдениетін де қадірлейміз. Қазіргідей даму заманында бабалардың мұрасын сақтап, насихатын тыңдап, ана тілімізді жаңа белеске бірге алып өту – өте маңызды. Осылайша, ұлттығымызды келесі ұрпаққа аманат ете аламыз. Сондықтан тiл қадірін, ел қадірін арттыруға қоғамның әр азаматы міндетті әрі жауапты.       

 

 А. Халел,

Түрксой кафедрасының аға оқытушыcы