Тәуелсіздік жетістіктері

25.09.2021

Көрулер: 18533

   Кез келген ел, ұлт, халық өз тәуелсіздігі аңсап, сол үшін жандарын пида еткен. Биыл еліміздің тәуелсіздік бесігінде тербелгендігіне – 30 жыл. Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Қазақ жастарының батылдығы мен батырлығының арқасында келген бұл тәуелсіздік – ұлы жеңістің жемісі. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.

   Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап көптеген мемлекеттер еліміздің дербестігін мойындап, қолдау көрсетті. Осы жылдар арасында еліміз түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, шекарасын белгілеп, мемлекеттік рәміздерін бекітті. Осы жылы Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылы еліміз БҰҰ-ға мүше болды. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға аяқ басты. 1995 жылы Ата заңымыз қабылданып, мемлекетімізде басты құндылық азаматтардың құқығы мен бостандығы болып табылатындығын айқындап көрсетті. 1997 жылы еліміздің астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына ауыстырылып, Сарыарқаның кең жайылған төсінде әсем де сәулетті қалалардың бірі пайда болды. Кейінгі жылдары астана атауы Ақмоладан Астана, 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

   Сонымен қатар әлемнің 182 елімен дипломатиялық байланыс орнатып, 100-ден аса елге 2500 тауар түрін экспорттайды. Кен мен қазба байлықтарға толы бай еліміз көптеген ауқымды жобаларды іске асыра алды. Солардың бірі – Қашаған мұнай және газ кен орнының іске қосылуы. Елімізде мұнай және газ кен орындарынан бөлек, алтын, уран, көмір және т.б. қазба байлықтары да өндіріледі. Индустриализация жылдарында 1250 кәсіпорын құрылып, 300 мың жұмыс орны ашылған. 2017 жылы халықаралық EXPO көрмесін өткізді.

   2050 және 2030 стратегиялық бағыттағы жоспары бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды.

   Көптеген спорттық жарыстар мен олимпиадалардан спортшыларымыз жүлделі орындарды иеленіп, мемлекетіміздің атын әлемге паш етті. Әр елде өткізілген олимпиадалық ойындарда Қазақстан спортшылары 70 астам жүлделі орындарға ие болды. 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азиялық ойындар өткізілді.  Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді.

   Білім саласында да көптеген жетістіктеріміз жетерлік. Жыл сайын еліміздің мектеп оқушылары халықаралық және дүниежүзілік пәндік олимпиадаларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болуда. Бұдан бөлек, Елбасының 1993 жылғы 5 қарашада қабылдаған жарлығына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында 1993-2017 жылдар арасында 12 мыңға жуық білімгер шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдады. Өз еліміздегі жоғары оқу орындары да үлкен қадамдармен алға басып келеді.

   Білім және денсаулық сақтау салаларын жақсарту мақсатында «Жол картасы» бағдарламасы арқылы 1500 мектеп пен 2700 балабақша, 1312 денсаулық сақтау объектілері салынды.

   Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық тарихында аталмаған жетістіктеріміз ұшантеңіз. Тәуелсіздік жылдарында жеткізген жетістіктеріміз әрі қарай артып, дамыған елдермен тең дәрежеде орын алатынына сенім артамыз. Біздің тарихымыз айтулы жетістіктерге толы. Бүгін бір елеулі оқиғаны басымыздан кешірсек, ол – ертеңгі тарих. Болашағымыз айқын да, анық және жетістіктерге толы болсын.

   Тәуелсіз еліміздің 30 жылдыққа арналған отырыстың соңында Шығыстану факультет деканның оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Үмітай Әмірбекова, Түрксой кафедрасы меңгерушісінің оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кулжан Бекенқызы Жанатаева және аға оқытушылар Э. Дулаева және Ақнұр Халел, Балоглу Селенай Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық күнімен құттықтады.

 А. Халел,

Түрксой кафедрасының аға оқытушысы