Тәжірибеге толы тағылымдама

16.04.2019

Көрулер: 1765

ҚазҰУ-дың 26 магистранты Times Higher Education World University Ranking рейтингісі бойынша әлемдегі №1 университет саналатын Оксфорд университетінде (University of Oxford) ғылыми тағылымдамадан өтіп қайтты.

2019 жылдың 27 наурызынан 7 сәуіріне дейінгі аралықта «Introduction to Science week» бағдарламасы аясында ҚазҰУ магистранттары Оксфорд университетінің География және қоршаған орта мектебі (School of Geography and the Environment, University of Oxford) ұйымдастырған ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.

Тағылымдама бағдарламасына сәйкес дәрістер кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Қоршаған ортаның өзекті мәселелеріне байланысты баяндамалар мен пікірталастардан бөлек, студенттер зерттеушілер ретінде тәжірибе жинақтап, өздерінің зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін дағдыларды қалыптастырып, дамыту мүмкіндігіне ие болды. Оксфорд университетінің жетекші профессорлары 23 дәріс оқыды. Қарқынды бағдарлама тек теорияны меңгеруге ғана емес, алған білімді тәжірибеде қолдануға да бағытталды. Сонымен қатар, ҚазҰУ магистранттары өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынып, Оксфорд университеті профессорларының пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Магистранттардың зерттеу тақырыптары аударма ісінің міндеттерінен физика саласындағы  жаңалықтарға дейін сан алуан болып, бұған дейін қызықтырмаған мәселелерге жаңаша қарауға мүмкіндік берді.

«Introduction to Science week» бағдарламасы аясында зертханалық іс-шаралар өткізіліп, магистранттарды Оксфорд университетінің ағымдағы жетістіктерімен таныстырды. Сондай-ақ Оксфорд университетінің әйгілі кітапханаларының бірінде ҚазҰУ магистранттарына зерттеулеріне қатысты ақпарат іздестіруге мүмкіндік туды. География, биология, химия, физика, археология және басқа да салалардағы зерттеушілерді біріктіретін зертханаларға бару магистранттар арасында аса қызығушылық тудырды. Оксфорд университеті профессорларымен тығыз байланыс орнату болашақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемдегі ең үздік университеттер арасындағы тиімді ынтымақтастыққа жол ашпақ