Жүз жасаған жүректен

30.04.2021

Көрулер: 1795

 

Ж.Жабаев өлеңдері бойынша поэтикалық аударма байқауы

 


2021 жылы 30 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы және «TARZHIMAN club» жас аудармашылар клубының ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жүз жасаған жүректен» атты поэтикалық аударма байқауы өтті.

 

Байқауға «Аударма ісі» және  «Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша оқитын 1-2 курс студенттері қатысты. 

 

Аудармашы мамандығын таңдап, аударма өнеріне енді ғана ден қоя бастаған жастардың поэзия тәржімасына  келуінің өзі қуантады. Себебі, поэзия тәржімасы тәржіманың ең бір қиын түрі екені белгілі. Әрине, жас аудармашыларға  поэтикалық тәржіма жасау емес, түпнұсқаның жолма-жол аудармасын  жасау тапсырылған еді. Дегенмен де, студенттер  шамалары келгенше түпнұсқаға сәйкес аударуға талпынып, біраз еңбектеніп, өлеңдердің аударма нұсқаларын жасап шыққан. Байқауда Жамбыл ақынның «Алатау», «Өсиет», «Жаныс ақынға», «Пушкинге» т.б өлеңдерінің жолма-жол аудармасы жасалды. Байқаудың әр қатысушысы өз аудармасын ортаға салды және қазылар алқасының түпнұсқа мәтін бойынша сұрақтарына жауап берді.Байқаудың қазылар алқасының құрамында   шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры м.а. Л.Ж.Мұсалы, аға оқытушылар Ә.Жапарова, И.Әзімбаева болды. Байқауды «Tarzhiman club» жас аудармашылар ұйымының жетекшісі Л.Ж.Мұсалы қорытындылап, жас аудармашыларға табыстар тіледі.

 

Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша төмендегі студенттер жүлделі орындарға ие болды.

 

  • 1-орын -  Медея Шарипова, «Шетел филологиясы» мамандығының 2 курс студенті, («Пушкинге» өлеңінің аудармасы үшін) 
  • 2-орын - Әмина Мәди, «Аударма ісі» бөлімінің 2 курс студенті (“Жаныс Ақынға” өлеңінің аудармасы үшін) 
  • 2-орын - Басымбек Жанерке, «Аударма ісі» бөлімінің 1 курс студенті  («Алатауға» өлеңінің аудармасы үшін) 
  • 3-орын - Жарқын Адырина «Шетел филологиясы» 2 курс студенті («Алатауға» өлеңінің аудармасы үшін) 
  • 3-орын - Қуантай Өмірбек, «Аударма ісі»бөлімінің 1 курс студенті  («Өсиет» өлеңінің аудармасы үшін)