АҚШ-ТЫҚ ПРОФЕССОР ШУХРАТ МИТАЛИПОВТЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ

28.09.2022

Көрулер: 933

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология ғылымдарының докторы, Орегон ұлттық приматтарды зерттеу орталығы және АҚШ-тың Діңгекті жасушалар орталығының профессоры Шухрат Миталипов «Қазіргі эмбриология мен генетикадағы жаңа технологиялар» тақырыбында дәріс оқыды.

Құрметті қонақты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев таныстырып, приматтарды клондауға алғаш қол жеткізген ғалымның ерен еңбегін атап өтті. «Елімізде және шетелде жоғары дәрежеге жеткен тұлғалардың Көшбасшылық дәрістерін ұйымдастыру университетіміздің студенттері мен жас ғалымдарына зор тәжірибе, үлкен мүмкіндіктер береді. Cтуденттерге таңдаған мамандығының ерекшеліктері туралы алғашқы құнды ақпараттарды беріп, оларды одан әрі өзін-өзі дамытуға және табысты мансап құруға шабыттандырады. Шухрат Миталипов генетикалық ауруларды емдеуде әлем бойынша жетекші ғалымдардың бірегейі. Шухрат Миталиповтың зерттеулері ғылымға жаңа жаңалық алып келді. Бүгінгі көшбасшылық дәріс университеттің ғалымдары мен студенттеріне пайдалы болады деген үміттемін», – деді ректор.

Қазақстан тумасы, профессор Шухрат Миталипов Портландтағы Орегон денсаулық және ғылым университеті жанындағы Эмбрионалды жасушалық және гендік терапия орталығын басқарып отырған әлемдегі ең ықпалды ғалымдардың бірі, ядролық трансплантация бойынша көптеген зерттеулердің авторы. Ол кезінде Мәскеудегі Тимирязев ауылшаруашылық академиясын, одан кейін РМҒА Медициналық-генетикалық ғылыми орталық аспирантурасын тәмәмдаған және РФ медицина ғылымдары академиясының Медициналық-генетикалық ғылыми орталығының Адам генетикасы институтында докторлық диссертация қорғаған.

Шухрат Миталипов пен оның әпкесі Майя ақауы бар аналық ДНҚ-ны сау донорға ауыстырып, оны ондаған макакада сынап көру арқылы тұқым қуалайтын ауруларды емдеудің әдісін ойлап тапқан, адам эмбрионының геномын «өңдеген» алғашқы ғалымдар. Бұрынырақ Орегон денсаулық университетінің зертханасында алғаш рет қолданылған «үш ата-анадан туған бала» әдісін сынауға қатысып, кейбір гендік аурулардан арылуға жол ашқан ғалымдар.

Заманауи эмбриология мен генетикадағы жаңа технологиялар мен жетістіктерге арналған дәріс пайдалы ақпаратқа толы болды. Генетикалық модификацияланған адам ұрығын шығаруға деген алғашқы талпынысты Шухрат Миталипов бастаған зерттеушілер тобы жасады. Зерттеу аясында үлкен көлемдегі бір жасушалы эмбриондардың ДНҚ-сы CRISPR деп аталатын генді редакциялау құралы арқылы өзгертілген. Ғалым Шухрат Миталипов жатырдағы сәбиді тұқым қуалайтын аурулардан сақтау жолы туралы дәріске қатысушыларға кеңінен ақпарат беріп, өзінің ғылыми жобасын түсіндірді.
«Біздің ғылыми әдістің артықшылығы – гендік терапияға қарағанда нақтырақ. Себебі гендік терапия қолданған кезде өзгерістер қалаған жерде және қалаған күйде жүзеге аспауы мүмкін. Ал біздің әдіс арқылы гендер өзгерістен кейін тұрақтанып, келесі ұрпаққа беріледі. Бұл әдіс сәбилерде көптеген тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді», – деді ғалым.

Дәріскер сөз соңында өз командасының ғалымдарын тәжірибе алмасу мақсатында ҚазҰУ профессорларымен таныстыруға ниетті екенін білдірді. Осы бастама арқылы ол бірлескен бағдарламалар мен жаңа зерттеулер жүргізуге болатынын жеткізді.
Сондай-ақ жүздесуде ҚР ҰҒА академигі, «ПЕРСОНА» репродуктология аналитикалық орталығының бас директоры, Халықаралық репродуктология академиясының президенті Вячеслав Локшин «Бедеулікті емдеудегі заманауи технологиялар» тақырыбында баяндама жасады. Ал, ҚР ҰҒА академигі Амангелді Бисенбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнологиялар факультетінің ғылыми зерттеулері стратегиясы мен келешегі жайлы мағлұмат берді.

 

Оқу орнының биология және биотехнология факультеті ұйымдастырған осы шараға университет басшылығы, университетіміздің оқытушы-профессорлары, ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты. Дәріс соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.

 

Журналистер одағының мүшесі ҚазҰУ фотожурналисі Марат Жүнісбеков түсірген суреттері пайдаланды.