"Қош келдің, әз-Наурыз!"

20.03.2023

Көрулер: 619

20 наурызда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті, А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының қазақ филологиясы мамандығы бойынша 201-топтың және топ эдвайзері Ж.Абитжанованың ұйымдастыруымен "Қош келдің, әз-Наурыз!" атты әдеби-сазды кеш өтті. Ұлттық мерекемізді ұлықтап, оның қадір-қасиетін ұғындыруға арналған іс-шарада Наурыз мерекесінің тарихы, оны әртүрлі түркі халықтарының қалай тойлайтыны туралы тың ақпараттар айтылды. Бектұрсын Айдос қазақтың қара домбырасымен "Шашу" күйін шертіп, Ахмедиева Аяжан "Атамекен" әнін орындады. Еліміздің батыс өңірінде жақсы сақталған Амал мерекесі жөнінде мәліметтер беріліп, студенттер бір-бірімен көрісіп, ұлттық мерекенің әдемі атмосферасын сезінді. Зеберхан Арайлым өз қаламынан туған, Наурызға арнаған жыр шумақтарынан шашу шашты. Топ студенттері ару-көктемнің жаршысындай болған "Наурыз-думан" әнін хормен шырқады. Кеш соңында топ эдвайзері Ж.Абитжанова сөз сөйлеп, кешті қорытындылады.