Қазақтың белгілі ақыны Ақберген Елгезекпен кездесу

21.03.2023

Көрулер: 692

Әз Наурыз қарсаңында филология факультетінде А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы «Қазақ филологиясы» мамандығы 301 топ студенттерінің ұйымдастырумен сазды да мәнді кеш өткізілді. Кеш қонағы белгілі ақын, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Ақберен Елгезек болды.

Қазақ поэзиясына ерекше леппен келген ақынның шығармашылығына студенттер аса бір қызығушылық танытып, кездесу барысында көптеген сұрақтар қойды. Ақын филология факультеті студенттерінің сұрақтарын кәсіби деңгейде қойылған сұрақтар ретінде бағалап, өзінің шешіле сөйлеуіне себеп болғандығын атап өтті. Кездесуде Ақберен Елгезектің сөзіне жазылған бірнеше әндер орындалды. Студенттер сүйікті ақынның сөзіне жазылған әндерді қосыла шырқады. Ақынның бірнеше өлеңдері оқылды. Кездесуге А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының профессорлары, филология ғылымдарының докторлары А. Салқынбай, Д. Әлкебаева, О. Жұбаева және докторанттар, магистранттар қатысты. Тағылымы мол, рухани азық сыйлаған қоңыр кеш болды. Студенттер өз ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында ақын студенттерге кітаптарын сыйлап, қолтаңбасын қалдырды.

А. Байтұрсынұлы атындағы

қазақ тіл білімі кафедрасының

аға оқытушысы, ф.ғ.к. Н. Егізбаева