«СЕЛТЕТКІЗЕР» КЕШ ӨТТІ!

09.12.2021

Көрулер: 1722

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің студенттерінен құралған «Селтеткізер» оқырмандар клубы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік және студенттер поэзиясы» кеш өткізді. Еліміз еңсе тіктеп егемен болғалы туған ұрпақтың алды бүгін 30 жасқа толды. Азаттықтың самал ауасымен тыныстап туған ұрпақтың өзіндік құндылығы, мәдениеті мен әдебиеті қалытасып келеді. Соның айқын дәлелін «Селтеткізер» оқырмандар клубы поэзия кешінен көруге болады.

Басагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының жанынан құрылған оқырмандар клубы болашақ баспагер-редакторларды ғана емес, шығармашыл журналистерді қалыптастыруда үлесі мол. Поэзия кешінде тәуелсіздікке арналған туындылар және студенттердің өзіндік шығармашылығы оқылды.

Сонымен қатар, белгілі ақын-жазушылардың туындылары оқылып, көрерменді әсерлі күйге бөледі. Студент жастардың қойын дәптеріне түскен шығармалары, өлең шумақтарынан әрбірінің қолтаңбасы бөлек екенін байқауға болады. Ұлттық рухтың ұясы саналған ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті белгілі қаламгерлер мен журналистерді, қоғам қайраткерлерін ұшырған мекен. Бүгінгі жастардың да сондай шығармашылық ортасы қалытасып келе жатқаны көңіл қуантады.

– Біздің үлкен «Алматы Арена», «Халық Арена» сынды алаңдарда орыс халқының поэзия кештері өтетінін көрдік. Қаншама халықты жинап, ақындар өлең оқып жатқанына таң қалдық. Ал, біздің поэзия әлі де болсын, кішігірім аудиторияларда, шағын залдарда өтіп жатыр. Сондықтан да поэзияға деген қызығушылықты осындай эстетикалық, шығармашылық кештер арқылы арттырғымыз келеді. Осындай жыр кештерін өткізіп, поэзияның приоритетін көтеріп, қоғамның талғамын қалыптастыруға болады деп сенеміз, – дейді кештің негізгі ұйымдастырушылары Дулатбек Кенжебек пен Әзімбек Қойлыбай.

Қ.Саринның «Тәуелсіздік» атты өлеңімен сахнаның шымылдығы түріліп, патриоттық ән шырқалды. Көрермен де өнер көрсетуші де барлығы студент жастар болған соң, кеш барысы еркін форматта өтті. Жан тебірентерлік жырлар мен әсем әндер шырқалып, тәңірден тәтті сый болған тәуелсіздіктің студенттер шығармашылығына арқау болғанын көруге болады.