Коронавируспен күресу үшін антисептик әзірленді
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының ғалымдары микробқа қарсы және вирулицидтік белсенділіктің кең спектрі бар антисептик жасап шығарды.
Химия ғылымдарының кандидаты, ассоцирленген профессор Ж. Қ. Мылтықбаеваның басшылығымен ғылыми топ спиртті түймедақ сығындысымен ішінара алмастыруды көздейтін антисептик құрамын әзірледі. Нарықтағы құрамында спирт бар антисептиктер алдындағы құрамның негізгі артықшылығы жаңа антисептик теріні іс жүзінде кептірмейді. Түймедақ сығындысы антисептикалық қасиеттерден басқа, жұмсартатын, тыныштандыратын және аллергиялық көріністерді төмендететін әсерге ие. Аталған әсер түймедақтағы флавоноидтардың, органикалық қышқылдардың, полисахаридтердің, сондай-ақ басқа да пайдалы табиғи компоненттердің арқасында мүмкін болады. Антисептик тиімділігі М. Айқымбаев атындағы карантиндік және зоонозды жұқпалар Қазақ ғылыми орталығының аккредиттелген зертханасының қорытындысымен расталған. Антисептик әзірлеу "Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тиімділігі жоғары дезинфекциялық құралдарды алу технологиясын әзірлеу" гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде жүргізілген зерттеулердің арқасында жүзеге асырылып отыр (ҚР БҒМ жобасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі 0118РК00316).
Алынған нәтижелерді практикаға енгізу үшін ғылыми топ "Стоп-Коронавирус" республикалық онлайн - конкурсының екінші айналымына шықты. Байқауды ҚР БҒМ Ғылым қоры ұйымдастырды. Жоба отандық құрамы жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығару бойынша жаңа өндіріс құруға бағытталған.







